Ақмола облысында «Қазгер» ЖШС-нің төрт қызметкері жұмыстан қайтып келе жатқанда жол апатына түсіп, жарақат алды. Жұмысшыларды тасымалдап келе жатқан тіркеме-будка аударылып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке қарағанда, зардап шеккен үш адам ауруханадан шығарылған. Ал жас жігіттердің бірі әлі де ауыр жағдайда жатыр. Оның омыртқасына зақым келген. Дәрігерлердің айтуынша, ол алған жарақатынан мүгедек болып қалуы мүмкін.
Зардап шеккен Темірболат Қайыровтың анасы Баян Балташева жұмысшылардың бірнеше рет басшылықтан егістікке қатынап-қайту үшін қауіпсіз көлік бөлуді сұрағанын айтты. Алайда, оның сөзінше, жұмыс беруші бұл өтінішке құлақ аспаған.
Әйелдің айтуынша, жұмыстан қайтып келе жатқанда тіркеме жүк көлігінен кенет ажырап кетіп, бірнеше рет аударылған.
ТЕРГЕУ
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісімен тергеу жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның толық мән-жайын анықтап, апаттың себептерін нақтылау үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.