Владимир Зеленский Украина тарапы Ресей аумағындағы екі мұнай өңдеу зауытына – Краснодар өлкесі мен Ярославль облысындағы кәсіпорындарға соққы жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Зеленскийдің айтуынша, шабуылға Краснодар өлкесіндегі майдан шебінен шамамен 300 шақырым қашықтықта орналасқан «Славянский» мұнай өңдеу зауыты ұшыраған.
Сондай-ақ, оның сөзінше, Украина шекарасынан шамамен 700 шақырым жерде орналасқан Ярославль облысындағы мұнай өңдеу зауытына да соққы берілген.
Бұған дейін Славянск-на-Кубань қаласындағы оқиға туралы жергілікті жедел штаб хабарлаған еді. Ал Ярославль облысының билігі мұнай өңдеу зауыты маңындағы жолдардың уақытша жабылғанын мәлімдегенімен, кәсіпорынның шабуылға ұшырағанын ресми түрде растаған жоқ.
КОНТЕКСТ
Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына жасалған шабуылдардың салдары бұған дейін Қазақстанға да әсер еткен еді. Орынбор газ өңдеу зауытына дрондар шабуыл жасағаннан кейін, оған Қарашығанақ кен орнынан жеткізілетін газ көлемі қысқарып, Қазақстан газ өндіру деңгейін азайтуға мәжбүр болды.