«Әділет» өңірлердегі мәселелерді қалай шешпек? Айбек Дәдебайдың жауабы

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Құрылтай сайлауында халықтың қолдауына ие болуды көздеп отырған «Әділет» партиясы Қазақстандағы әділдік пен шындықтың жаршысы бола ала ма? Партияның көксегені не? Елдің шынайы сұранысына ие бола ала ма? Бұл сауалдарға Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай жауап берді.

ПАРТИЯНЫҢ ЖОСПАРЫ ҚАНДАЙ?

Айбек Дәдебайдың айтуынша, жақын арада «Әділет» партиясының мүшелері аймақтарға шығады.

– Елдің түкпір-түкпірінде қордаланған көп мәселе барын әлеуметтік желілер арқылы естіп жатырмыз. Дегенмен халықпен, тұрғындармен тікелей кездесіп, өз ауыздарынан естісек деген ниетіміз бар. Сол үшін аймақтарға шығамыз. Барлық сұрақтар мен мәселелерді жинасақ және оларды шешуде халықтың қандай ұсынысы барын білсек дейміз. Біз бірнеше аймақты емес, тұтас республиканы аралаймыз. Қазақстанның барлық өңіріне ортақ мәселелерді топтап, жүйелі мәселелердің шешімін жауапты мемлекеттік институттармен бірге қарасақ дейміз, – деді партия төрағасы.

«ӘДІЛЕТ» ӨЗ САПЫНДА КІМДЕРДІ КӨРГІСІ КЕЛЕДІ?

Ол қоғамда Қазақстанның жаңа парламенті – Құрылтай құрамына заңнан хабары жоқ азаматтар – блогерлер, түрлі саладағы танымал адамдардың өтуіне қатысты қарсылық, сын барын атап өтті.

– Қоғамда түрлі сын бар екенін білеміз. Ескертулер, ұсыныстар деп қабылдауға болатын шығар кей жерде. Біздің ойымыз да соған ұқсас. Аймақтарға шыққанда қордаланған мәселелерді жинақтасақ, оларды шешу тәсілдерін табу үшін бізге кәсіби мамандар қажет болады. Танымал адамдардың қатарымызға қосылуына қарсылық жоқ. Бірақ біздің ортамызда болатын азаматтар халықтың мәселесін шешуге қабілетті болғанын қалар едік. Біз адамның осы күнге дейін атқарған ісіне, тәжірибесіне, абыройына қарайтын боламыз. Ертең тиісті шешімдерді қабылдағаннан кейін оған жауап бере алатын адамдардың болғанын қалаймыз. Ал кейбір тұста арамыздағы адамдар нәтиже көрсете алмайтын болса, онда өзге де партияластарға орын беруге дайын болуы керек деген ойдамын, - деді Айбек Дәдебай.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 12 маусым күні өткен Amanat партиясының съезінде «Әділет» партиясымен бірігу туралы шешім қабылданған болатын. Делегаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, қарсы дауыс берушілер болған жоқ.

Көп ұзамай AMANAT орталық аппараты орналасқан ғимараттың маңдайшасы ауыстырылып, оның орнына «Әділет» атауы ілінді.

Еліміздің партиялық тарихында мұндай жағдай бұрын да болған. 2006 жылы «Асар» партиясы Отан партиясына қосылып, соның негізінде «Нұр Отан» партиясы құрылған. Кейін бұл саяси ұйымның атауы AMANAT болып өзгерді.