Қазақ тілі үшін төрт жылға сотталған Мирболат Мырзатайұлының түрмедегі жағдайы қалай?

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Былтыр сот үкімімен 4 жылға сотталған белсенді, блогер Мирболат Мырзатайұлының қамауда отырғанына жеті айдан асты. Әйелі Гүлшат Бишуинова Ulysmedia-ға белсендінің қазіргі жағдайы туралы айтты.

«ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ РҰҚСАТ БЕРМЕДІ»

Гүлшат Бишуинова күйеуі Мирболат Мырзатайұлымен кездесуге 18 маусымда барып қайтқан. Сөзінше, денсаулығы орташа жағдайда. Жұмыс істегісі келген. Алайда оған түрменің медицина бөлігі рұқсат бермеген.

– Балалар ойын алаңын жасайтын промбазаға жұмысқа кіргісі келген екен. Сөйтсе, «сіздің «давлениеңіз» бар, рұқсат бере алмаймыз» медбикелер рұқсат бермепті. Промбаза деген түрмеден қашықтықта екен. Оған таңғы сағат сегізде кіргеннен, кешкі алтыда бірақ шығатын көрінеді. Ол жерде уақыт өту керек. Бір уақыт 1800 теңгеге тамағын ішесің. Үйдегідей таңертең жұмысқа кетесің, кешке келесің дейді. Солай істеймін бе дегенмін дейді. Бірақ оған сол медицина жағы рұқсат бермей қойыпты, – дейді ол.

«ШАРТТЫ ТҮРДЕ БОСАТУҒА ЖАЗАМЫЗ»

Гүлшат Бишуинова сот үкіміне байланысты екі апта бұрын кассациялық шағым түсірген. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымына шағым түсіру үшін Қазақстанда барлық инстанциядан өту қажет дейді.

– Қазан айында УДО-ға (шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға) жазамыз. Сәрсенбі күні спецчастьқа барамын. Сол жерде айтады екен қай уақытта терезе (окошка) ашылатынын. Алты айдан кейін ашылады екен. Бірақ Мирболаттікі төрт жыл ғой. Төрт жылды үшке бөлгенде ол он алты ай дегенде келеді екен. Он алты айы оның, бес ай СИЗО-да жатты, оның үстіне екі жарым ай қосып есептегенде бізде қазанда он алты ай болады. Сол кезде мен УДО-ға, ЗМН-ға бере алады екенмін, – дейді Бишуинова.

«ОТБАСЫМЫЗДЫ БАЛАЛАРЫМ АСЫРАП ОТЫР»

Гүлшат «кәмелет жасына толмаған балаларым болғандықтан жұмыс та істей алмай отырмын» дейді. Сөзінше, күйеуі қамалғалы бері отбасын үлкен балалары асырап отыр.

– Біздің екі үлкен баламыз бар, екеуі де жұмыс істейді. Кәмелет жасына толмаған екі кішкентай баламыз бар. Қазір балам каникулда. Бір балам арнайы мектеп интернатта оқиды. Оны мен үйге тастап, жұмысқа шығып кете алмаймын. Содан үйде отырмын. Екі бала ғана жұмыс істеп жатыр, – дейді ол.

КОНТЕКСТ

Белсенді, блогер Мирболат Мырзатайұлын былтыр қарашада Алматының Медеу аудандық соты 4 жылға бас бостандығынан айырған. Оған қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі «Алауыздық қоздыру» бойынша айып тағылған.

Айыптау актісіне сәйкес, 2025 жылы сәуірде Алматыдағы қоқыс тазалайтын мекемелердің бірінде мекеме басшысы мен блогер арасында қазақ тіліне қатысты кикілжің болған. Мирболат Мырзатайұлы оны әлеуметтік желіге жариялаған. Онда «Басшылық қызметте отырып мемлекеттік тілді сыйламайсыз, дереу орныңызды босатуды талап етеміз» деген сияқты тіркестер кездеседі. Істің қозғалуына осы видео себеп болған.

Мирболат Мырзатайұлы өзіне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспеген. Қазір ол жазасын Алматы облысындағы Заречный кентіндегі мекемеде өтеп жатыр.

55 жастағы Миболат Мырзатайұлы «Журналистік зерттеулер агенттігі» You Tube арнасының авторы. Арна негізінен елдегі сот процестері, митинг, пикеттерден ақпарат таратады. Бұған дейін ұзақ жыл мемлекеттік телеарналарда қызмет істеген.