Былтыр ел тұрғындары көріпкелдердің қызметіне 280 млн теңге жұмсаған

Ulysmedia
Фото: vzglyad.uz

Қазақстандықтар 2025 жылы экстрасенстер мен көріпкелдердің қызметіне 279,6 млн теңге жұмсаған,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, салыстырмалы түрде алғанда, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мәселен, 2024 жылы мұндай қызмет көрсетушілердің табысы 2,9 млрд теңгеге жеткен.

Сарапшылардың айтуынша, бұл мәліметтер елдегі эзотерикалық қызмет нарығының толық көлемін көрсетпейді. Себебі ресми статистикаға тек заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер ғана енеді. Ал тіркелмей жұмыс істейтін балгерлер мен экстрасенстер есепке алынбайды.

Бұдан бөлек, Ұлттық статистика бюросы шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің қызметін іріктеп зерттейтіндіктен, есепке барлық кәсіпкер кірмейді. Сондықтан жыл сайынғы көрсеткіштердің айтарлықтай айырмашылығы осыған байланысты болуы мүмкін.

2025 жылғы деректерге сәйкес, ең көп табыс көріпкелдерге (астрологтар мен спириттерді қоса алғанда) тиесілі. Олар 222,8 млн теңге табыс тапса, экстрасенстердің кірісі 56,8 млн теңгені құраған. Барлық табыс тұрғындардан түскен. Оның 96 пайызын қала тұрғындары төлеген.

Өңірлер арасында көріпкелдер ең көп табыс тапқан аймақ – Қостанай облысы. Бұл өңірде олардың кірісі 216 млн теңгеге жеткен. Сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында да мұндай қызметтен табыс тіркелген.

Ал экстрасенстер үшін ең табысты өңір Маңғыстау облысы болды. Мұнда олардың жалпы табысының 65 пайызы немесе 36,9 млн теңгесі түскен. Екінші орында Қарағанды облысы – 15,1 млн теңге, үшінші орында Шығыс Қазақстан облысы – 4,2 млн теңге.