Сот түрмедегі белсенді Ермек Нарымбайдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады

Ulysmedia

Қонаев қаласындағы Алматы облыстық соты қамаудағы белсенді Ермек Нарымбайдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Былтыр желтоқсан ортасында Қонаев соты белсендінің ерте босап шығу туралы өтінішін орындамаған еді. Нарымбай мен адвокаты Жанар Балғабаева шешіммен келіспей, жеке шағым түсірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттыққа сілтеме жасап.

Ашық дереккөз

"Не себепті өтінішті орындамағаны бізге түсініксіз қалды. Сот "орындалмасын" деді. Енді сот қаулысын алғаннан кейін көреміз. Прокурор сотта Ермек Нарымбайдың марапаты жоғын, оның дамуында оң өзгерістер, оң құбылыстар жоғын айтқан" деді Ермек Нарымбайдың адвокаты Жанар Балғабаева.

Оның айтуынша, сотта адвокаттар Ермек Нарымбайды сотқа қатыстыру және сотты ашық өткізу туралы екі өтініш берген. Алғашқысы орындалмаған, ал екінші өтініш жартылай орындалған. Белсенді сотқа онлайн қатысқан.

Адвокаттың сөзінше, шешімге енді шағым түсіруге болмайды. Ермек Нарымбай енді ерте босап шығу туралы өтінішті сәуір айында ғана бере алады.

8 ақпанда Азаттық тілшісі Алматы облыстық сотына хабарласып көрген еді, телефон тұтқасын көтерген хатшы "процестің әлі бітпегенін, істен хабары жоғын" айтты.

Былтыр күзде 54 күн аштық ұстап, кезектен тыс президент сайлау қарсаңында сайлау учаскелеріндегі хаттамаларды онлайн жариялауды талап еткен белсенді көп салмақ жоғалтқан еді. Шамамен 20 килодан астам салмақ жоғалтып, денсаулығы нашарлаған белсенді 25 қараша кешке аштығын тоқтатты.

Жанар Балғабаеваның айтуынша, Ермек Нарымбайдың денсаулығы түзелмеген.

“Ол өзін нашар сезінгендіктен қазір мекеменің медициналық бөлімінде жатыр. Бұған дейін Ермек өтініші орындалмаса, қайта аштық бастайтынын мәлімдеген. Әзірше жариялаған жоқ. Себебі шешім қазір ғана шықты”, - деді Жанар Балғабаева.

Азаттық Ермек Нарымбай қамауда отырған мекемеден жауап ала алмады.

Былтыр желтоқсан ортасында Қонаев соты түрмедегі белсенді Ермек Нарымбайдың мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін орындамаған еді. Сол кезде өтініштің орындалмауына белсендінің түрмедегі айыппұлдары себеп деп айтылған еді. Адвокаттың айтуынша, сот белсендінің түпкілікті шешім қабылданбаған, даулы "айыппұлдарын" да есептеп жіберген.

Құқық қорғаушылар жасаған "саяси тұтқындар" тізіміне енген 52 жастағы Нарымбай саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық жазаға кесілген. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған.

Осыдан кейін Ермек Нарымбай өзіне биліктен қатер төнгенін айтып, Украинаға кеткен. Биыл ақпанның басында Қазақстанға оралғанда полиция оны Алматы әуежайынан бірден ұстап әкетіп, қамауға алған. Адвокаттың айтуынша, 2,5 жыл түрмеге кесілген Нарымбай жазасының үштен бірін өтеген.

Ермек Нарымбай бұған дейін де ең ұзақ аштық акцияларын басынан өткерген. 2010 жылы Алматы облысындағы түрмеде 73 күн аштық ұстаған белсенді 41 килограм салмақ жоғалтқан. Өзінің айтуынша, "өзіне жасалған әділетсіздіктерге" қарсылық білдірген.