Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай ел халқына үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«ЖАҢА ДӘУІР»
Тоқаевтың айтуынша, бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады.
– Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз. Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады, – деді ол.
Президент бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтілетінін айтты.
– 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық. Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы елдің бірлігі мен Конституция қағидаттарына сүйене отырып, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру мақсатын тағы бір мәрте мәлімдеді.
– Нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ. Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз! Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін! – деді ол.
ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢ
Қазақстанда 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Осыған байланысты қос палаталы Парламент өз жұмысын тоқтатты.
Ел екі айлық өтпелі кезеңге өтті. Осы уақыт ішінде қажет болған жағдайда заңдарды заң күші бар Президент жарлықтары арқылы немесе Конституцияда көзделген жағдайларда Үкіметтің уақытша қаулылары арқылы қабылдауға болады.
Алдағы екі айда Бас прокурор, Ұлттық банк төрағасы, Жоғарғы сот төрағасы, Жоғары сот кеңесінің төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тағайындалып, жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтайға сайлау науқаны өткізілуге тиіс.