Партияның беделі депутаттың репутациясына байланысты - Айжан Мұқатаева

Сырым Қаржас
Ulysmedia

Ulysmedia.kz алаңында сарапшылар, экс-депутаттар, саясаттанушылар, елшілер, жеке және квазимемлекеттік сектор өкілдері бас қосқан жиында әйелдер мәселесі де кеңінен талқыланды. «QazTrade» компаниясының жоба менеджері Айжан Мұқатаева қоғамдағы белсенді ұйымдар мен азаматтық бастамаларға лайықты деңгейде қолдау көрсетілмей отырғанын айтты.

Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраеваның айтуынша, саясатта әйелдердің аз болуы туралы пікір жиі айтылады. Алайда бүгінде партияларда әйелдерге арналған квота қарастырылған. Оның сөзінше, бұл мүмкіндік шын мәнінде білікті әрі лайықты әйелдердің саясатқа келуіне жол ашуы тиіс, сондықтан мұндай орындарды «ығай мен сығайлар» иеленбеуі қажет. Сондай-ақ ол қазақ әйелдерінің әлеуетіне тоқталып, олардың сауатты, қайратты екенін атап өтті.

– Бір қолымен бесік, екінші қолымен әлем тербетіп жүрген қазақ әйелдері саясатта да өз орнын алуға әбден лайық. Осыған орай, Ұлыстың таңғы шайына Айжан Мұқатаева келіп отыр. Өзінің тәуелсіз пікірі бар ұлт жанашыры квазимемлекеттік мекемеде жұмыс істейді. Тағы бір қызықты дерек, кезінде Айжан ханым Абай облысының ауылдарының біріне әкім ретінде өзін ұсынған, – деді Самал Ибраева.

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ӘЛСІЗДІГІ ДЕ ӘСЕР ЕТІП ОТЫР

«QazTrade» жоба менеджері Айжан Мұқатаеваның сөзінше, жаңа Конституцияның күшіне енуі – ел үшін маңызды тарихи кезең. Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың ел игілігі үшін атқарып жатқан еңбегі көп жағдайда қоғамға толық жетпейтінін атап өтті. Айжан Мұқатаеваның пікірінше, бұған азаматтық қоғамның әлсіздігі де әсер етіп отыр. Оның айтуынша, қоғамда игі бастамаларды халыққа жеткізе алатын белсенді азаматтар жеткілікті. Алайда белсенділік танытқан адамдарға күдікпен қарап, олардың бастамаларына жасанды кедергілер жасалатыны өкінішті жағдай екенін жеткізді.

– Үкіметтік емес ұйымдарға қаржы бөлетін орталықтар бар. Олар қоғамдағы белсенді азаматарға, үкіметтік емес ұйымдарға жасалып жатқан істерді насихаттауға мүмкіндік берсе деп ойлаймын. Екіншіден, тек қана партияның беделі онда отырған депутаттардың жеке репутацияларына байланысты. Сондықтан міндетті түрде белсенділіктен бұрын, беделіне көңіл бөлсе екен»,– дейді спикер.

Айта кетейік, бүгін, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстанның жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Осыған орай, Ulysmedia.kz «Халықтық Конституция: ел өміріндегі жаңа кезең» деген тақырыпта пікірталас өткізді.