Қазақстан Астана мен елдің солтүстік өңірлерін ресейлік газбен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл үшін ресейлік «Газпром» компаниясымен бірлесіп «Есіл – Астана» магистральдық газ құбыры салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«ГАЗПРОММЕН» БІРЛЕСКЕН ЖОБА
Министрдің айтуынша, 2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Үкіметі мен Газпром арасында магистральдық газ құбырын салу жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылған.
– Бұл жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын сенімді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ еліміздің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді, – деді Ерлан Ақкенженов.
ГАЗБЕН ҚАМТУ ДЕҢГЕЙІ 80%-ҒА ЖЕТКІЗІЛМЕК
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстандағы газбен қамту деңгейі 64,2%-ға жеткен. Қазір 13,1 миллион адам табиғи газға қол жеткізіп отыр.
Министрдің сөзінше, жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырып жатқан газдандыру жобалары уақытылы қаржыландырылып, «Есіл – Астана» газ құбыры сәтті іске асқан жағдайда, 2035 жылға қарай елдегі газдандыру деңгейін 80%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.