Төрт жыл бойы Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғыстың экономикаға тигізген зардаптарын халықтан барынша жасырып келді. Алайда енді оны бүркемелеу мүмкін болмай барады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Politico басылымына сілтеме жасап.
ПУТИН МОЙЫНДАҒАН ЖАНАРМАЙ ДАҒДАРЫСЫ
Кейінгі апталарда Украинаның Ресейдің негізгі энергетикалық инфрақұрылымына жасаған зымыран және дрон шабуылдары бұған дейін көпшілік үшін елеусіздеу көрінген соғыстың салдарын айқын сездіре бастады. Соның салдарынан елде жанармай тапшылығы күшейіп, жағдай өткір дағдарысқа ұласты.
Қазір Ресейдің 83 өңірінің үштен екісінде жанармай тапшылығы байқалады. Бұл миллиондаған тұрғынға қолайсыздық туғызып қана қоймай, көптеген кәсіпорынның қалыпты жұмысына да қауіп төндіріп отыр.
Ахуал әсіресе Қырымда қиын. Онда билік төтенше жағдай жариялап, жанармай сатуға толық тыйым салды. Түбектің негізгі табыс көздерінің бірі саналатын туризм саласы да іс жүзінде тоқырауға ұшырады.
Алдыңғы аптада Владимир Путиннің өзі мәселенің бар екенін мойындап, ахуалды талқылау үшін жоғары лауазымды шенеуніктерді Мәскеуге шұғыл жинауға мәжбүр болды.
Дегенмен ол көпшілік алдында жағдайды жеңілдетіп көрсетуге тырысты. Ол мемлекеттік БАҚ-қа берген сұхбатында: «Әрине, инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдар белгілі бір қиындықтар туғызады. Бұл анық» деп, жанармайдағы «белгілі бір тапшылықтың» «сындарлы деңгейге жетпегенін» айтты. Сондай-ақ Ресейдің соққылары Украинаға бұдан да ауыр зардап келтіріп жатқанын мәлімдеді.
Алайда нақты жағдайды бағалау барған сайын қиындап келеді. Ресей билігі ішкі жанармай бағасы туралы мәліметтерді енді жарияланбайтын экономикалық көрсеткіштердің қатарына енгізді. Соның салдарынан дағдарыстың нақты ауқымын анықтау бұрынғыдан да қиындай түсті.
ЖАНАРМАЙ ТАПШЫЛЫҒЫНЫҢ ШЫНАЙЫ КӨРІНІСІ
Соған қарамастан, қарапайым ресейліктер ахуалдың қаншалықты ушыққанын күнделікті өмірде сезініп отыр. Әлеуметтік желілерде жанармай құю бекеттерінде бензин үшін төбелескен жүргізушілердің, тіпті ұзын-сонар кезекті жүк көлігімен бұзып өтпек болған адамдардың видеолары кеңінен тарап жатыр.
Жағдайдың ушыққаны сонша, кезінде америкалық сенатор Джон Маккейн «ел кейпіне енген жанармай бекеті» деп сипаттаған Ресей енді өзін де жанармаймен толық қамтамасыз ете алмайтын жағдайға жетті. Reuters агенттігінің мәліметінше, Ресей мұнайының ең ірі шетелдік сатып алушысы саналатын Үндістан енді өңделген мұнай өнімдерінің бір бөлігін қайтадан Ресейдің өзіне экспорттай бастайды.
Бұған нақты себеп те бар. Ресейлік әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, Украина Ресейдің қысқа мерзімде қалпына келтіре немесе алмастыра алмайтын мұнай өңдеу зауыттарының негізгі қондырғыларына, соның ішінде каталитикалық крекинг қондырғыларына әдейі соққы жасап жатыр. Дәл осы қондырғылар шикі мұнайдан жоғары сұранысқа ие жанармай өнімдерін көбірек өндіруге мүмкіндік береді. Сондықтан жанармай тапшылығының жуық арада шешіле қоюы екіталай.
Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының сарапшысы Сергей Вакуленконың айтуынша, Ресейдегі бензин көлемі қазір «украиналық дрондар мен ресейлік жөндеу бригадалары арасындағы жарысқа» тәуелді.
– Украина шабуылдарының қарқыны сақталып, әр соққының зардабы арта берсе, басымдық Киев жағына ауады. Қазір дәл осы жағдайды көріп отырмыз, – дейді ол.
Кремль үшін жалғыз жұбаныш – Ресейде жүк көліктері мен ауыл шаруашылығы техникасына аса қажет дизель отынының қоры әзірше жеткілікті. Соған қарамастан, билік демалыс күндері өткен кеңестен кейін егін жинау науқаны қарсаңында ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жаздың соңына қарай дизель экспортын да шектеуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұған дейін Ресей авиациялық отын мен бензин экспортына тыйым салып қойған.
БАҒА ДА ӨСІП ЖАТЫР
Жанармай бар болғанның өзінде, оның бағасы өсіп келеді. Әдетте жанармай бағасының көтерілуі жалпы инфляцияға тікелей әсер етеді. Ресейдің Орталық банкі ақша-несие саясаты жөніндегі отырысының хаттамасында кейінгі қымбатшылық бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда әлдеқайда ұзаққа созылуы мүмкін екенін ескертті.
Үкіметтің ірі мұнай компанияларымен жанармай бағасын тұрақты ұстап тұру жөніндегі келісімі ресми бағаның күрт өсуіне жол бермеуі мүмкін. Алайда бейресми нарықта жанармайдың үстеме бағамен сатылуы жиілеп барады. Кәсіпкерлер мұндай қосымша шығынды түптеп келгенде тұтынушыларға жүктеуге мәжбүр.
Ресейдің Орталық банкі мұндай жағдай «инфляциялық тәуекелдерді одан әрі күшейтеді» деп есептейді.
Осындай қауіптер Ресей Орталық банкінің маусым айында негізгі мөлшерлемені небәрі 0,25 пайыздық тармаққа төмендетіп, 14,25%-ға дейін түсіру туралы шешім қабылдауына әсер еткен негізгі факторлардың бірі болды. Бұл кезде кәсіпкерлер мен үкіметтегі көптеген шенеунік мөлшерлемені бұдан да көбірек төмендетуді талап еткен еді.
НАБИБУЛЛИНА МЕН ГРЕФТІҢ АШЫҚ ПІКІРТАЛАСЫ
Ресей Орталық банкінің төрағасы Эльвира Набиуллинаның сақ ұстанымы кейінгі төрт жылда оған көп қарсылас жинады. Осы уақыт ішінде экономиканың қызып кетуіне жол бермеу үшін ол негізгі мөлшерлемені 23%-ға дейін көтеруге мәжбүр болды. Қазір жылдық инфляция шамамен 5%-ға дейін баяулағандықтан, көпшілік Набиуллинаны пайыздық мөлшерлемені төмендету туралы шешімді негізсіз созып отыр деп сынайды.
Ресейдегі ең ірі бөлшек банк – Сбербанктің бас директоры Герман Греф сейсенбі күні акционерлер жиналысында экономика жеткілікті деңгейде баяулағанын айтып, Орталық банк негізгі мөлшерлемені жылдамырақ төмендетуге тиіс екенін мәлімдеді. Келесі күні Мәскеуде өткен конференциядағы панельдік пікірталаста Греф пен Набиуллина осы мәселе төңірегінде ашық пікірталасқа түсті.
Набиуллина мөлшерлемені жедел төмендетуге «үзілді-кесілді қарсы» екенін айтып, мұндай «өз елімізге жасалған эксперимент» инфляцияның қайта қарқын алуына, тіпті стагфляцияға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
– Көре жатармыз, – деп жауап берді Греф. Оның бұл сөзі залда отырғандардың күлкісін тудырды.
Бұл пікірталастың тағы бір қызық тұсы – Герман Грефтің кезінде Экономика министрлігінде Эльвира Набиуллинаның тікелей басшысы болғаны. Кейін екеуі де кеңестік кезеңнен қалған күштік құрылымдардың ықпалы басым үкімет ішінде радикал ұстанымдарға белгілі бір деңгейде қарсы салмақ болып келді.
Соған қарамастан, бір мәселеде Греф пен Набиуллинаның пікірі бір жерден шығады. Екеуі де Ресей экономикасындағы қазіргі қиындықтардың Украинадағы соғыспен тікелей байланысты екенін айтудан тайынған жоқ.
– Меніңше, бәрімізді бір ғана мәселе алаңдатады. Елде соғыс қимылдарының тезірек аяқталғанынан маңызды мәселе жоқ деп ойлаймын. Бұл анық, – деді Герман Греф сейсенбі күні.
Ал Эльвира Набиуллинаға келсек, бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше апта өткен соң ол бұл шешіммен келіспейтінін білдіріп, қызметінен кету туралы өтініш берген. Алайда Владимир Путин оның өтінішін қабылдамаған.
СОҒЫС ШЫҒЫНДАРЫ РЕСЕЙ БЮДЖЕТІН ҚЫСА БАСТАДЫ
Содан бері Набиуллина орталық банк басшысына тән сақтықпен тек мемлекеттік бюджеттегі жағдайға назар аударып келеді. Оның айтуынша, бюджет шығыстары мен салық түсімдерінің арасындағы алшақтықтың ұлғаюы инфляцияны одан әрі үдетуі мүмкін. Кейінгі бір жылда ол бұл қауіп туралы бұрынғыдан да жиі ескерте бастады. Өйткені Ресей соғысты қаржыландыру үшін резервтерін сарқып, қарыз алуға барған сайын көбірек сүйеніп отыр.
Германияның Халықаралық және қауіпсіздік мәселелері институтының сарапшысы Янис Клюгенің есебіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жартысында әскери және құпия баптар бойынша шығыстар күрт өсіп, қазір мемлекеттік бюджеттің жалпы шығысының шамамен жартысына жетті.
Ал мұнай бағасының құбылуынан экономиканы қорғау үшін құрылған Ұлттық әл-ауқат қорының өтімді активтері 2022 жылдың басындағы жалпы ішкі өнімнің шамамен 7 пайызынан биыл сәуірде 1,7 пайызға дейін қысқарған.
Басқаша айтқанда, таусылып бара жатқан тек Путиннің жанармай қоры емес.