Қырғызстан KEGOC-тың жаппай жарықтың өшуіне қатысты нұсқасымен келіспеді

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Қырғызстан энергетика министрлігі 14 тамызда болған ауқымды электр жарығының өшуіне не себеп болғанын түсіндірді. Бішкек Токтоғұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың қысқа уақытқа ажыратылғанын растады. Алайда қырғыз тарапы мұны Қазақстандағы жаппай электр өшудің тікелей себебі деп санауға келіспей отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Қырғызстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, 14 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 15:37-де энергетикалық жүйеде технологиялық ақау болған. Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйесі оқшауланған режимде жұмыс істеуге көшкен.

Жағдайды анықтау барысында энергетиктер Токтоғұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың қысқа уақытқа ажыратылғанын тіркеген. Қырғыз тарапы осы жағдайды «бастапқы ауытқу» деп атап отыр. Одан кейін қуат ағындары өзгеріп, апатқа қарсы автоматика іске қосылған.

Осы тұста Қырғызстан мен Қазақстанның жүйелік операторы KEGOC ұстанымдары алшақтайды.

«Қазақстандағы жарық не себепті өшкенін бөлек қарастыру керек»

Бұған дейін KEGOC Токтоғұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың ажыратылуы Қазақстандағы Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік транзитінің шамадан тыс жүктелуіне әкелгенін мәлімдеген еді. Осыдан кейін Қазақстанның Оңтүстік аймағы елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесінен және Орталық Азияның энергетикалық жүйелерінен бөлініп кеткен. Соның салдарынан Қазақстанның бірнеше облысында жарық өшті.

Енді Қырғызстан тарапы Токтоғұл ГЭС-індегі бастапқы ақау мен көрші елдердегі кейінгі электр өшулерін автоматты түрде бір себеппен байланыстыруға болмайтынын атап өтті.

– Бұл бастапқы ауытқуды басқа елдердегі жекелеген энергетикалық жүйелер мен энергия тораптарының өшуінің тікелей себебімен теңестіруге болмайды. Мұндай жағдайларда энергетикалық жүйелер теңгерім қалпына келгенге дейін оқшауланған режимде, соның ішінде жиілігі төмендеген жағдайда да тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді, – делінген Қырғызстан Энергетика министрлігінің мәлімдемесінде.

Қарапайым тілмен айтқанда, Бішкек алғашқы ақау Токтоғұл ГЭС-інде болғанын мойындайды. Алайда осыдан кейін Қазақстанның жекелеген энергетикалық тораптарының не себепті өшкенін бөлек қарастыру қажет деп отыр.

Қырғызстан ведомствосы тағы бір дәлел келтірді. Министрліктің айтуынша, апаттан кейін жергілікті энергетиктер Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйесіндегі жиілікті шамамен 18 минут ішінде қалыпты 50 Гц деңгейіне жеткізген. Сол кезде Қырғызстан көрші елдерге шамамен 250 МВт электр қуатын беріп отырған.

– Алматы энергия торабының өшуі Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйесіндегі жиілік қалыпты деңгейге келгеннен кейін болды. Сондықтан басқа Орталық Азия елдеріндегі энергетикалық тораптардың өшуіне осы энергетикалық жүйелерде кейін болған процестерді жеке талдау қажет, – деп толықтырды ведомство.

Бірлескен техникалық тексеру аяқталғанға дейін Қырғызстан тарапы апаттың барлық салдары үшін жауапкершілікті өзіне жүктеуді дұрыс емес деп есептейді.

Контекст

14 тамыз күні Қазақстанның бірнеше өңірі мен көрші елдерде электр жарығына жаппай өшіп қалды. Бұған дейін бюджеттен миллиардтаған қаржы алып отырған ұлттық компания KEGOC мұндай жағдайға неге дайын болмай шыққаны туралы айтқанбыз.