Шымкентте АСКО лақап атымен танымал блогер ұсталды

Ulysmedia
әлеуметтік желі

Шымкентте әлеуметтік желіде АСКО есімімен танымал жергілікті блогер Асқат Балқыбаев ұсталды. Полицияның мәліметінше, ол тағы үш адаммен бірге кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерден әшкерелейтін бейнематериалдарды жариялаймыз деп қорқытып, ақша бопсалаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Instagram-да шамамен 150 мың оқырманы бар блогер мен оның сыбайластары кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің қызметіндегі кемшіліктер мен заңбұзушылықтарды видеоға түсіріп, кейін сол жазбаларды жариялаймыз деп қорқытып, ақша бопсалаған.

– Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады ведомство.

АСКО ДЕГЕН КІМ?

Асқат Балқыбаев – шымкенттік блогер, әлеуметтік желіде АСКО лақап атымен танымал.

Ол полиция қызметкерлері мен басқа да мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен болған түрлі жағдайларды видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялау арқылы танылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттеріндегі заңбұзушылық деп есептеген жайттарды тұрақты түрде жариялап жүрген.