Маңғыстау облысында Бекет ата мешітіне жолға шығып, кейін байланыссыз кеткен үш адам табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Бұған дейін үш тұрғынның киелі орынға барғаннан кейін байланысқа шықпай қалғаны хабарланған болатын. Олар кейінгі рет 2 шілдеде туыстарына Бекет ата мешітінің аумағынан WhatsApp арқылы видео жіберген.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жоғалғандар ауқымды іздестіру жұмыстары кезінде табылды.
Ішінде адамдары бар автокөлік Қыдырша ата шатқалынан шамамен 35 шақырым жердегі жетуі қиын аумақтан анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша, көлік батпаққа батып қалған. Соның салдарынан олар жолын әрі қарай өздігінен жалғастыра алмай, байланысқа шыға алмаған.
Жоғалғандарды алғаш болып Бейнеу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тапты.
Қазір олар Ақжігіт ауылына жеткізіліп жатыр. Сол жерде медициналық тексеруден өтеді.
Контекст
Полиция іздестіру шаралары полиция қызметкерлері, ТЖД бөлімшелері және басқа да жұмылдырылған қызметтердің бірлескен жұмысының арқасында сәтті аяқталғанын атап өтті.
Бұған дейін іздеу жұмыстарына полицейлер, құтқарушылар, «Охотзоопром» мамандары, тікұшақтар мен арнайы техника тартылғаны хабарланған еді. Сондай-ақ еріктілер өңір тұрғындарын іздеуге, соның ішінде дрондардың көмегімен қолдау көрсетуге шақырған.