Астанада Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов ұсталды

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Астанада полиция қызметкерлері Toyota Land Cruiser көлігін басқарған жүргізушіні ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, ол екі жол-көлік оқиғасына қатысып, оқиға орнынан кетіп қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Астана полиция департаментінің мәліметінше, көлік жедел-іздестіру шаралары барысында анықталып, Достық көшесінде тоқтатылған.

Екі жол апаты салдарынан бірнеше көлік зақымданған. Полиция мәліметінше, зардап шеккендер жоқ.

Әлеуметтік желілерде көлік тізгінінде 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов болғаны туралы ақпарат тарады. Құқық қорғау органдары ұсталған адамның аты-жөнін ресми түрде атамаған. Алайда ведомство екі жол апатынан кейін жүргізушінің ұсталғанын растады.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Полиция департаментінің мәліметінше, көлік жүргізушісі – алкогольдік масаңдық белгілері болған 35 жастағы ер адам. Ол медициналық куәландырудан өтуге жіберілді.

– Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі бірнеше көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған. Жедел-іздестіру шаралары барысында көлік анықталып, полиция қызметкерлері оны Достық көшесінде ұстады. Рөлде алкогольдік масаңдық белгілері бар 35 жастағы ер адам болған. Осы факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады, – деді Астана полиция департаменті.

Егер медициналық куәландыру жүргізушінің мас күйде болғанын растаса, оған әкімшілік жауапкершілік, соның ішінде жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалғаны үшін жаза қолданылуы мүмкін.