Бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

2025 жылғы мамырда үш жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Ulysmedia.kz-ке берген мәліметінше, сот Қожағапановтың өтелмеген жаза мерзімін айыппұлға ауыстырған.

«Жазаны ауыстыру, шартты түрде мерзімінен бұрын босату және үкімді орындауға қатысты өзге де мәселелер бойынша материалдарды қарау мен шешім қабылдау тек сот органдарының құзыретінде», — деді комитет өкілдері.

Қожағапанов не үшін сотталды?

Ерлан Қожағапанов 2024 жылғы наурызда жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталған. Антикор нұсқасы бойынша, ол 2018 жылы коммерциялық компанияның мүддесін көздеп, Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру туралы келісімшарттың жасалуына ықпал еткен.

Тергеу мәліметінше, іс-шараның шығын сметасы негізсіз түрде екі есеге жуық өсірілген. Соның салдарынан мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам шығын келген.

Қожағапанов 2024 жылғы наурыздан бастап қамауда болды. 2025 жылғы мамырда сот оны кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ, оған өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынды.

Жаза тағайындау кезінде сот оның қамауда отырған уақытын ескеріп, бұл мерзімді жалпы жаза өтеу уақытына қосты.

Кейін апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған.