Астананы дамытуға Үкімет резервінен 16 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді

Ulysmedia
Pixabay.com

Үкімет Астананың инженерлік және энергетикалық желілерін дамытуға 16,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Тиісті қаулыларға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ

Бөлінген қаржының 8,7 млрд теңгесі су бұру инфрақұрылымын салу мен жаңғыртуға бағытталады. Жоба аясында Астананың Есіл ауданындағы тазарту құрылыстарынан Ақмола облысындағы Қарабидайық көліне дейінгі кәріз коллекторы қайта жаңғыртылады.

Сонымен қатар Ұлы Дала, Хусейн бен Талал, Шыңғыс Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойынан Есіл өзеніне дейін тазартылған ағын суларды ағызатын жаңа коллектор салынады.

Бұл жұмыстар 4,5 мың гектар аумақтағы жерүсті және дренаж суларын бұруға, сондай-ақ тәулігіне 70 мың текше метрге дейінгі суды тазартатын нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Энергетика саласын дамытуға 7,5 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржыға 110/20 кВт-тық «Қарлығаш» жабық қосалқы стансасы салынып, «Астана-Энергия» АҚ-ның ЖЭО-2-дегі №1 турбоагрегаты жаңғыртылады.

Жаңа қосалқы станса пайдалануға берілгеннен кейін «Есіл» және «Бәйтерек» қосалқы стансаларына түсетін жүктеме азаяды. Нәтижесінде «Нұрлы жол» вокзалы маңы мен Тельман тұрғын алабындағы шамамен 80 мың тұрғын тұрақты электрмен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жаңа мектептер, емханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды іске қосуға қажетті қосымша қуат қалыптасады.

ЖЭО-2

ЖЭО-2-дегі №1 турбоагрегатты жаңғырту нәтижесінде стансаның электр қуаты 80 МВт-тан 110 МВт-қа дейін, яғни 30 МВт-қа ұлғаяды.

Үкіметтің мәліметінше, бұл шаралар тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, халық саны өсіп жатқан елордада коммуналдық және энергетикалық жүйелердің сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.