Кәсіпкер әрі Kazakhstan Paramount Engineering компаниясының негізін қалаушы Айбек Барыс Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында Қазақстанды түбегейлі өзгерте алатын бір ғана реформа бар екенін айтты.
Ең маңызды реформа
Сұхбат барысында кәсіпкер еліміздің бүгінгі жастары туралы сөзқозғады. Оның айтуынша, бүгінгі буынның дүниетанымы Кеңес Одағы ыдырап, тоқырауға толы 90-жылдарды бастан өткерген ұрпақтан мүлде өзгеше.
– Бүгінгі жастарды көріп, болашағымыз үшін сенім нығайды. Оларға қарағанда біздің буында ыза, агрессия бар. Кеңес Одағының ыдырауын, 90 жылдардағы тоқырауды көрдік. Содан ба деп ойлаймын. Ал қазіргі жастардың әділеттілікке деген көзқарасы басқа, – дейді Айбек Барыс.
Оның пікірінше, ел үшін ең маңызды өзгеріс – тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыру.
– Менің ойымша, елде тәуелсіз, әділ сот болса, басқа ештеңе істемей-ақ қоюға болады. Бәрін орнына қоятын – сот, – деді кәсіпкер.
Ел келешегіне қатысты жалғыз арманы
Қазақстанның болашағы туралы сұраққа жауап берген кәсіпкер, егер бір ғана тілегі орындалатын мүмкіндік берілсе, сот реформасын таңдайтынын айтты.
– Біреу маған «бір-ақ арманыңды айт, орындаймын» десе, тек тәуелсіз сот жүйесін орнатуды сұрар ем, – деді Айбек Барыс.
Сұхбат барысында кәсіпкер мемлекет табысты қазақстандық кәсіпкерлер мен өнеркәсіп өкілдерін ұлттық бренд деңгейіне көтеруі керек пе деген сауалға да жауап берді.
Оның пікірінше, бұл – биліктің міндеті емес. Айбек Барыс жастардың өзін жақсы танитынын, ал беделі мен танымалдығына өз еңбегінің арқасында жеткенін айтты.