«Ештеңені өзгертпеңдер»: кәсіпкер қазақ тілі мәселесін шешудің жолын айтты

Ulysmedia
kazpravda.kz

Белгілі кәсіпкер, Kazakhstan Paramount Engineering компаниясының негізін қалаушы Айбек Барыс Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің, өскелең ұрпаққа қазақша тәрбие сіңірудің ең нәтижелі әдісін атады.

“Баланың тілі қай тілде шықса, өмір бойы сол тілде ойланады”

Кәсіпкердің айтуынша, оның 5 жасар ұлы қалада туып-өскеніне қарамастан, орысша мүлдем білмейді.

–  Ұлым тек қазақша және ағылшынша біледі. Кеңес үкіметі кезінде орысша оқығандар ғана адам болады деген түсінік қалыптасқандықтан, біз орысша оқыдық. Бірақ ауылда туып-өскендіктен, әке-шешем мұғалім болғандықтан, үйде тек қазақша сөйлесетінбіз. Әлі күнге дейін қарашаңыраққа барсақ, орысша мүлдем сөйлесуге болмайды. Баланың тілі қай тілде шықса, ол өмір бойы сол тілде ойланатын болады. Сондықтан кіші ұлымыздың тілін қазақша шығардық. Қазір жасы бесте. Ағылшыншасы да тәп-тәуір, бірақ орысша білмейді, – дейді Айбек Барыс.

Қазақ тілін үйрену неге қиын?

Оның айтуынша, орысша сөйлейтіндерді қазақша сөйлету үшін көп күш салу керек.

– Қазақ тілі оңай тіл емес. Ағылшын тілін бәрі біледі дейді, бірақ Шекспирдің тілінде сөйлеу оңай шаруа емес. Сондықтан олар тілді барынша жеңілдеткен. Қолданысқа ыңғайлаған соң қазір әлемнің барлық бұрышында бұл тіл кең қолданылады. Ал қазақ тілі өзгермеген, бай тіл, үйрену қиындау, – дейді кәсіпкер.

Айбек Барыс қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді балабақшадан бастау керек деп есептейді.

– Кішкентай бала әр білімді оңай сіңіреді. Ештеңені өзгертпей-ақ, балабақшаның бәрін қазақшаласақ, осы елде туып-өскен әр бала қазақ тілінде сөйлейтін болады. Үлкенді сыйлау, құрметтеу, кішіге ізет көрсету дегеннің бәрі тіл арқылы беріледі. Біз балабақша іздегенде қатты шаршадық. 100% қазақша тәрбие беретін балабақшаны әрең таптық, – дейді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын кәсіпкер Қазақстанды түбегейлі өзгертетін басты реформаны атаған.