13 шілдеге қараған түні Ресейдің бірнеше өңірінде ауқымды дрон шабуылы болды. Мәскеу облысында үш адам қаза тауып, тағы бес адам жараланды. Ал Ставрополь өлкесінде мұнай базасында өрт шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДРОНДАР ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ ТҮСТІ
Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің мәліметінше, түн ішінде өңір аумағында 81 ұшқышсыз ұшу аппараты жойылып, істен шығарылған.
Ең ауыр салдар Истра ауданындағы Пионерский кентінде тіркелді. Онда үш адам қаза тауып, тағы үш адам жараланған. Дрон құлағаннан кейін бес жеке тұрғын үй өртенген.
Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собянин жексенбі кешінен бері астана бағытына 350-ден астам дрон ұшырылғанын хабарлады.
— Дрондардың басым бөлігі әуе қорғаныс күштерімен алыс қашықтықта жойылды. Мәскеуге жақындаған кезде тағы 50 ұшқышсыз аппарат атып түсірілді, — деді ол.
ӨРТ МҰНАЙ ҚОЙМАСЫНА ЖЕТТІ
Сол түні Ставрополь өлкесінің Вязники кентіндегі өнеркәсіптік аймақта өрт шықты. Ресейлік және украиналық мониторингтік Telegram-арналардың мәліметінше, шабуыл теміржол маңындағы мұнай базасына бағытталған болуы мүмкін.
Кейін өрттің күшейіп, жалын жанармай сақталған резервуарларға жеткені хабарланды. Жергілікті биліктің мәліметінше, зардап шеккендер жоқ.
Украина тарапы түнгі шабуылға қатысты әзірше пікір білдірмеді.