Қазақстанда әлеуметтік төлемдер қайта қаралады

Ulysmedia
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарларды тыңдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ИНФЛЯЦИЯ – 10,3 ПАЙЫЗ

Кездесу барысында халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспардың орындалуы мен инфляцияны тежеу шаралары қаралды.

Маусым айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,3 пайыз болды.

Сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде жыл сайын 800 млрд теңгеден астам қаражат үнемделетіні хабарланды.

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ

Президентке жылыту маусымына дайындық барысы туралы да баяндалды.

Өткен маусымның қорытындысында бес жылу электр орталығы жоғары тәуекелдің «қызыл» аймағынан шығарылып, үшеуі «жасыл» аймаққа ауыстырылған.

Биыл 9 энергия блогы, 55 қазандық және 51 турбина жөнделеді. Бұл жұмыстарға 384 млрд теңге бөлінген.

Сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу жоспарланған.

АЛМАТЫ ТАУ КЛАСТЕРІ МЕН SUPERSKI ЖОБАСЫ

Кездесуде туризм саласын дамыту мәселесі де қозғалды. Үкімет Алматы тау кластерін дамыту арқылы туризмнің экономикадағы үлесін арттыруды көздеп отыр. Almaty SuperSki жобасы аясында ұзындығы 60 шақырым болатын тау шаңғысы трассалары салынып, тәулігіне 10 мың адамға дейін қабылдайтын инфрақұрылым жасалады.

Нысанды 2028 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар Қазақстанның «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық жарысын өткізуге дайын екені айтылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жалғастыруды тапсырды. Президент әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны іске асыруды, сондай-ақ заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға ерекше көңіл бөлуді міндеттеді.