Қазақстандық судья Динара Құйқабаева балаларға жасалатын жыныстық зорлық-зомбылықтың неге көбіне кеш анықталатынын және ересектер қандай қателік жіберетінін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
РЕСМИ СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметінше,кейінгі үш жылда елімізде кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы 2,5 мыңнан астам қылмыс тіркелген. 2023 жылы – 876, 2024 жылы – 876, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 9,6 пайыз төмендеп, 790 жағдай болған.
Алайда Qazaq Expert Club-тың құқықтық мәселелер жөніндегі сарапшысы, судья Динара Құйқабаева бұл көрсеткіштердің шынайы ахуалды толық көрсетпейтінін айтады. Өйткені ресми статистикаға құқық қорғау органдарына белгілі болған жағдайлар ғана енеді. Судьяның пікірінше, қоғам оқиға болғаннан кейін көбіне «Неге бала ешкімге айтпады?» деген сұраққа жауап іздейді. Алайда әлдеқайда маңызды мәселе – «Ересектер неге байқамады?» Оның айтуынша, балаларды бейтаныс адамдардан сақтануға үйреткенімізбен, сот тәжірибесі қауіптің көп жағдайда бөтен адамнан емес, баланың ең жақын ортасынан туындайтынын көрсетіп отыр. Мұндай қылмыстар көбіне бала өзін ең қауіпсіз сезінуі тиіс жерде – өз үйінде жасалады.
Көп жағдайда зорлық көрген бала болған оқиғаны ашық айта алмайды. Қорқыныш, ұят немесе өзін кінәлі сезіну оған кедергі болады.
Судьяның айтуынша, балалар көбіне өз жағдайын мінез-құлқы арқылы білдіреді. Мысалы:
ЗАҢ ҚЫЛМЫСТАН КЕЙІН БАСТАЛАДЫ
Судьяның айтуынша, сотқа іс жеткен кезде қылмыс әлдеқашан жасалып, бала ауыр психологиялық жарақат алып үлгереді. Сондықтан заң кінәліні жазалай алғанымен, баланың жоғалтқан қауіпсіздік сезімін қайтара алмайды. Оның пікірінше, шынайы қорғаныс қылмыс жасалғаннан кейін емес, оған дейін басталуға тиіс. Бұл – отбасында, мектепте, балабақшада, спорт үйірмесінде немесе дәрігер қабылдауында байқалған алғашқы белгілерден басталады.
Динара Құйқабаева ең күрделі мәселелердің бірі – баланың жанындағы ересектердің үнсіздігі екенін айтады. Көпшілік «Неліктен анасы бірден полицияға жүгінбеді?» деп сұрайды. Бірақ бұған қорқыныш, қаржылық тәуелділік, туыстардың қысымы, отбасын сақтап қалуға тырысу немесе ешкім көмектеспейді деген сенімсіздік себеп болуы мүмкін. Алайда ересектер шешім қабылдай алмай жүрген уақытта бала қауіпті ортада қала береді.
99 МЫҢ АТА-АНА ЖАУАПҚА ТАРТЫЛҒАН
2024 жылы балаларды тәрбиелеу және қорғау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 99 мыңға жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында кәмелетке толмағандардың құқықтарына қол сұғуға байланысты 7 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Олардың басым бөлігі ата-аналардың өз міндеттерін орындамауына қатысты болған.