Қазақстандық феминист Әйгерім Құсайынқызы ресейлік журналист Илья Варламовтың Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтқан пікірінен кейін әлеуметтік желідегі реакцияларға назар аударды. Ол қазақ әйелдері бұл мәселені жылдар бойы көтеріп келгенімен, олардың сөзіне дәл сондай қоғамдық қолдау көрсетілмегенін жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазақ әйелдері он жыл бойы айтты, бірақ алғыс алмады»
Әйгерім Құсайынқызының сөзінше, Қазақстандағы феминистер, журналистер мен құқық қорғаушылар отбасыдағы зорлық-зомбылық мәселесін ұзақ уақыт бойы көтеріп келеді.
Алайда олардың бастамалары қоғам тарапынан жиі сынға ұшыраған.
- Олар “ұлтты жамандайды”, “отбасын бұзады”, “грант жейді” деген айыптауларға тап болды. Ал дәл осы ойды ресейлік ер журналист айтқанда, пікірлер “рақмет”, “ақиқатты айттыңыз”, “мұны бізден ешкім айтпады” деген алғысқа толды, — деп жазды ол.
Оның пікірінше, негізгі мәселе тек тұрмыстық зорлық-зомбылықта емес, қоғамның кімнің сөзіне сенетінде жатыр.
Әйелдің сөзіне сенім неге аз?
Феминист гендерлік зерттеулердегі «куәлікке қатысты әділетсіздік» (testimonial injustice) ұғымын мысалға келтірді.
Оның айтуынша, кей жағдайда адамның айтқаны мазмұнына емес, оны кім айтқанына байланысты бағаланады.
- Әйел айтса — сезім. Ер адам айтса — сараптама. Қазақ әйелі айтса — өкпе. Сырттан келген ер адам айтса — объективті байлам, — деп жазды Әйгерім Құсайынқызы.
Ол әйелдердің тәжірибесі кейде ақиқаттың маңызды көзі ретінде мойындалмайтынын атап өтті.
«Өз қоғамымыз туралы шындықты сырттан келген адам айтқанда ғана қабылдаймыз»
Әйгерім Құсайынқызы бұл жағдайды постколониалдық теориядағы «білімнің отарлануы» (coloniality of knowledge) түсінігімен байланыстырды.
Оның айтуынша, қоғам кейде өз ішіндегі адамдардың пікірін елемей, сырттан келген адамның сөзіне көбірек мән береді.
- Ту түсіріледі, шекара бекітіледі, мемлекет тәуелсіз атанады. Бірақ кімнің сөзі білім, кімнің пікірі ақиқат, кімнің дауысы бедел саналатынын белгілейтін ескі тәртіп орнында қала береді, — деді ол.
Варламовтың сөзінен бұрын оған көрсетілген реакция маңызды
Феминистің пікірінше, мәселе ресейлік журналистің айтқанында ғана емес, оның сөзіне қоғамның берген бағасында.
- Варламовтың айтқаны емес, оған жауған алғыс ойландырады. Себебі дәл сол сөздерді қазақ әйелдері айтқанда, оларды “ұлтты жамандады”, “отбасын бұзды” деді, — деп жазды ол.
Ол бұл жағдайды ер адамның сөзіне берілетін «андроцентрлік танымдық артықшылық» ұғымымен түсіндірді.
«Яғни ақиқат ер адамның аузынан шыққанда ғана бейтарап әрі маңызды көрінеді», — деді Әйгерім Құсайынқызы.
Ресейлік моральдық менторлыққа қатысты пікір білдірді
Әйгерім Құсайынқызы Қазақстанға сырттан баға беруге қатысты да пікір айтты.
Ол Ресейдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері де толық шешілмегенін атап өтті.
«Ресейден келетін моральдық менторлықтан шаршадым. Ресейдің өзінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты декриминализациялау, фемицидтің жоғары деңгейі, құқық қорғау жүйесінің әрекетсіздігі, әйелдердің қауіпсіздігіне қатысты күрделі мәселелер шешілген жоқ», — деп жазды ол.
Сонымен бірге феминист Қазақстандағы зорлық мәселесін жоққа шығармайтынын, керісінше оны қоғам ішінде ашық талқылау қажет екенін айтты.
«Біз зорлыққа ғана қарсы күресіп жүрген жоқпыз. Біз өз әйеліміздің куәлігін ақиқат деп тануға қабілетсіз еткен ұзақ патриархалдық тәртіппен де күресіп жүрміз», — деп қорытындылады Әйгерім Құсайынқызы.