Шомылу маусымы басталғалы бері Қазақстанның су айдындарында 69 бала суға батып қаза тапқан. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге үндеп, ескерту жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген әрі арнайы жабдықталмаған жерлерде болған.
ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов азаматтарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылуға шақырды.
ДӘЙЕКСӨЗ
- Қауіпсіздік мақсатында тек арнайы жабдықталған жағажайда шомылыңыздар, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар, оларға бейтаныс жерлерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер, аптап ыстықтан кейін, бірден суық суға түспеңіздер, – деді ол.
Сонымен қатар министрлік тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Жыл басынан бері осы құқық бұзушылық үшін 2 700-ден астам азамат жауапкершілікке тартылған.
ІІМ ата-аналарды балалардың қауіпсіздігі ең әуелі өз жауапкершіліктерінде екенін ұмытпауға үндеді.