Түркістанда бір ай бұрын берілген үйлердің сапасына қатысты шағым көбейді. Төбесінен су ағып, қабырғалары жарылған баспаналардың барлығы да мемлекеттік бюджет есебінен салынған. Бұл үйлер мемлекеттік бағдарлама аясында баспана кезегінде тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарға берілген. Алайда көптен күткен жаңа баспана тұрғындарға қуаныш емес, қиындық әкеліп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
МӘН-ЖАЙ
Түркістандағы бес қабатты бұл үйлер 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні берілген. Бесінші қабаттағы үйлердің төбесінен су ағып, сылақтары ойылып түскен.
Тұрғындардың айтуынша, ондағы тамшы күннің ысығанына қарамастан әлі күнге дейін әр тесіктен сорғалап тұр.
– Қазір далада 50 градус ыстық болып тұр. Жауын мүлдем жоқ. Бір аптадан асты, жауын көрген жоқпыз. Бірақ, міне, төбемізден су тамшылап тұр. Жерге қарай тамып тұр. Қайдан су келіп жатыр? Ертең жаңбыр жауғанда қандай болады бұл? Бұл үйлерді бізге біржола берді ғой. 1-2 жыл пәтерде тұрасыңдар деген жоқ. Бұл үйде қайтіп тұрамыз? Алдыңғы айдың төртіне алғанмын. Бір жарым ай енді болады. Сол аралықта үйімнің түрі – осы, – дейді Түркістан тұрғыны Гүлдана Усинова.
Мүгедектігі бар және көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға берілген үйдегі былық мұнымен бітпейді. Мемлекеттік бағдарламамен табысталған баспананың қабырғалары қисық, ал ондағы тұсқағаздар қазірдің өзінде жұлынып жатыр. Үйге көшіп келген көпшіліктің өзі онда қонуға қорқамыз дейді. Кейбірі төбеден аққан тамшыдан қашып, балконда ұйықтап жүр.
– Салғырт қараған жұмыс көзге көрінетіндей болып тұр. Төбеден бастап былай қарай. Мысалы, тоқ жүйесінде, шам саласың – күйіп кетеді. Одан кейін терезеден ауа өтетіні бар. Мен өзім қазір балконда жатып жүрмін. Үйдің ішінің құрылысы осындай. Ешқандай көңіл толатын нәрсе көріп тұрған жоқпын. Жағдайымыз жетпегесін, осылай кезекпен алғанбыз, – дейді Түркістан тұрғыны Әділет Нүке.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?
Жұрт әкімдік өкілдерінен бастап, прокуратураға дейін арызданған. Алайда пікірімізге пысқырған ешкім болмады деп ашынып отыр. Осыған дейін жолатпады деген жауаптылар бұл жолы жұртпен кездесуге өздері келіпті.
– Қатты жауын әсерінен шатырдан су өте фактілері болған. Оны біз өзіміз фото-видео жасадық. Мердігер қалпына келтіруі керек деген заң бар. Сол бойынша тескерту берілді екі рет. Қазіргі таңда мердігердің айтуынша, материал толық алды. Қалпына келтіру жұмыстарын екі үш күнде жасаймыз деп уәдесін беріп жатыр, – дейді Түркістан құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Мәуленов.
Мемлекет берген тұрғын үй үшін пәтер иелері айына 17 мың 600 теңге төлейміз дейді. Алайда қазірдің өзінде қақырап жатқан баспана біраз уақытқа шыдайтынына күмәнмен қарайды.
Назерке Еркінбекқызы