«Семей орманындағы» өрт: Бектенов екі министрді Абай облысына жіберді

Ulysmedia
Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Семей орманы» аумағындағы орман өртін сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін Абай облысына барды.

МӘН-ЖАЙ

Үкімет басшысы министрлерге өртті жою жұмыстарын жедел ұйымдастыруды, жақын маңдағы елді мекендерді қорғау және тілсіз жаудың әрі қарай таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды.

ӨРТ ТУРАЛЫ

16 шілде сағат 16:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге 400-ден астам адам және 100-ге жуық техника жұмылдырылған. Өрт ошағына әуе техникасы арқылы 102 тонна су төгілді.

Өртті сөндіру жұмыстарына «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының қызметкерлері, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, жергілікті атқарушы органдар мен денсаулық сақтау саласының мамандары қатысып жатыр.

Сонымен қатар, өрт орнына «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының екі тікұшағы, Қорғаныс министрлігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ми-8 тікұшақтары тартылған.

Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасуда. Жағдай премьер-министрдің жеке бақылауында.