Қазақстанды «Боратпен» салыстырған ресейлік режиссер жұмыссыз қалды

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда 7DAYS брендіне жарнама түсірген ресейлік режиссер Илья Лучкин ел туралы жазбаларынан кейін даудың ортасында қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Алматыдағы түсірілім аяқталғаннан кейін Лучкин Қазақстанға келмей тұрып, елді тек «Борат» фильмі арқылы елестеткенін жазған. Сондай-ақ, ол мұндағы адамдардың «сиырға емес, электркөліктерге мінетінін» көріп таңғалғанын айтқан.

Желі қолданушылары оның бұл сөзін менсінбеушілік әрі елді қорлау деп қабылдады.

Сын тек режиссерге бағытталған жоқ

Көпшілік Лучкиннің жазбаларын ғана емес, Қазақстанда білікті режиссерлер, продюсерлер мен түсірілім топтары бола тұра, жарнамаға ресейлік маманның шақырылғанын да сынға алды.

Сын күшейген соң Лучкин кейбір жазбаларын өшіріп, бұл жоба Қазақстандағы алғашқы әрі соңғы жұмысы болғанын мәлімдеді. Кейін кешірім сұрағанымен, көпшілік оның сөзін шынайы қабылдамады.

Режиссердің сиырға мініп түскен суреті де жұрттың ашуын өршітті. Артынша желіде оның кешірім мәтіні жарияланған жазбасының скриншоты тарады. Онда сын айтқандар «тұяқты көлікке» теңелген. Бұл жағдай наразылықты одан әрі күшейтті.

Желіде 7DAYS өнімдеріне бойкот жариялауға шақырды

Дау шыққаннан кейін қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары, соның ішінде Threads желісінде, 7DAYS өнімдерін сатып алмауға үндей бастады.

Қолданушылар мен блогерлер мұны режиссердің әрекетіне және компанияның мердігер таңдаудағы ұстанымына қарсылық білдірудің жолы деп түсіндірді.

Қоғамдық сыннан кейін 7DAYS ресми мәлімдеме жасады. Компания ұлтшылдықты, кемсітушілікті және адамдарға құрметсіздік танытудың кез келген түрін қолдамайтынын атап өтті.

Бренд өкілдері Илья Лучкиннің жазбалары тек оның жеке пікірі екенін және компанияның ұстанымына қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, 7DAYS режиссермен әріптестікті тоқтатқанын хабарлады.