2026 жылғы 20 шілдеде Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында 55 орман өрті тіркелді. Төтенше жағдайлардың барлығы бірнеше өңірде өткен найзағайлы фронттың әсерінен, яғни найзағай разрядтарының түсуінен болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӨРТ ОШАҚТАРЫ
Өрт ошақтары мына аумақтарда анықталды:
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты – 41 өрт;
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты – 9 өрт;
Шығыс Қазақстан облысы – 3 өрт;
«Наурызым» мемлекеттік табиғи қорығы – 1 өрт;
«Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – 1 өрт.
ДЕР КЕЗІНДЕ АУЫЗДЫҚТАЛДЫ
Орман шаруашылығы қызметкерлерінің айтуынша, қысқа уақыт ішінде бірнеше ондаған өрт ошағының пайда болуы орман күзеті мамандары үшін үлкен сынақ болған. Дегенмен жедел әрекет ету мен үйлесімді жұмыстардың арқасында барлық өрт дер кезінде анықталып, оқшауланған.
Өртпен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар және азаматтық қорғау қызметтері де жұмылдырылды. Нәтижесінде жалынның таралуына және ірі орман өрттерінің пайда болуына жол берілмеді.
Мамандардың мәліметінше, найзағайлы фронт кезінде бір мезетте ондаған өрт ошағы пайда болуы мүмкін. Сондықтан өрт қауіпті кезеңде орман күзеті қызметтері мемлекеттік орман қорын қорғау үшін тәулік бойы кезекшілікте жұмыс істейді.