Қазақстан билігі ERG-дің бөлінетіні туралы ақпаратты растаған жоқ

Ulysmedia
ERG

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Eurasian Resources Group (ERG) компаниясын қазақстандық және халықаралық бизнеске бөлу туралы ешқандай ресми өтініш алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Бұл туралы ведомство басшысы Ерсайын Нағаспаев Үкіметте журналистердің сұрағына жауап берген кезде айтты. Министр бұған дейін Bloomberg агенттігі жариялаған ақпаратты растай алмайтынын жеткізді.

– Бүгінге дейін министрлікке меншік иелерінің ауысуына немесе активтерді бөлуге қатысты ешқандай өтініш түскен жоқ. Әуелі компания ресми түрде министрлікке жүгінеді. Кейін біздің министрлік оны қарап, құзырлы мемлекеттік органдармен келіседі. Одан кейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі  қорытынды беріп, мәмілені мақұлдайды немесе мақұлдамайды. Әзірше бізге ешқандай ресми хат келіп түскен жоқ, – деді министр.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Bloomberg агенттігі ERG акционерлері компанияның Қазақстандағы және шетелдегі активтерін әртүрлі заңды тұлғалардың басқаруына беру арқылы бөлуді қарастырып жатқанын хабарлаған еді.

ERG Қазақстандағы темір кені, феррохром және боксит кен орындарынан бөлек, Африка мен Бразилиядағы активтерге де иелік етеді.

Агенттік мәліметінше, халықаралық және қазақстандық активтерді компанияның негізгі тең иелері – Шухрат Ибрагимов пен Шахмұрат Мұталип бөліп алуы мүмкін.

Ал ERG компаниясы бұл келіссөздер туралы ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.