Қазақстандағы мұнай өндірісі танкерлерге жасалған шабуылдардан кейін азаюы мүмкін

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына танкерлердің келуі шектелуі мүмкін. Бұған кеме иелерінің дрон шабуылдарына байланысты терминалға барудан қауіптенуі себеп болып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Bloomberg агенттігі екі дереккөзге сілтеме жасап хабарлағандай, танкер компаниялары қауіпсіздікке алаңдап, кемелерін КҚК терминалына жіберуге құлықсыз. Соның салдарынан консорциум қазақстандық мұнайды қабылдау көлемін қысқартуы ықтимал.

Мұндай жағдайда Қазақстан мұнай өндіру көлемін азайтуға мәжбүр болуы мүмкін, өйткені өндірілген мұнайды сақтайтын орын қалмайды.

Басылымның мәліметінше, терминалға мұнай қабылдауды тоқтату 21 шілдеден басталып, апта соңына дейін жалғасуы ықтимал.

– КҚК терминалына құбыр арқылы мұнай жеткізу шынымен апта соңына дейін тоқтатылса, Қазақстан мұнай өндірісін қысқартуға мәжбүр болады, – деп жазады Bloomberg.

ӘЗІРШЕ РЕСМИ РАСТАЛМАДЫ

Каспий құбыр консорциумы да, Қазақстанның энергетика министрлігі де бұл ақпаратты әзірге ресми түрде растаған немесе жоққа шығарған жоқ.

Бұған дейін Энергетика министрлігі КҚК-ның Новороссийск маңындағы теңіз терминалында мұнай тиеп тұрған NELSA танкеріне дрон шабуылы жасалғанын растаған болатын.

Бұл оқиға Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен энергетика министрлігі Қара теңіздегі танкерлерге жасалған бұған дейінгі шабуылдарды айыптағаннан кейін болды.

Оған дейін КҚК теңіз терминалына мұнай тиеуге бет алған Yasa Polaris және Nordic Zenith танкерлері де шабуылға ұшыраған еді.