Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде жалған және бөгде құжаттарды пайдалануға қатысты фактілерді анықтап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Шекара қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері өткізу пункттерінде шекаралық бақылау кезінде осындай 200 құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
– Анықталған жағдайлардың басым бөлігінде азаматтар жалған визаларды, сондай-ақ үшінші тұлғалардың деректері көрсетілген құжат бланкілерін пайдаланған. Мұндай фактілер көбіне Қазақстанның оңтүстік бағытындағы шекара учаскелерінде және халықаралық әуе қатынасы желілерінде тіркелген, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство 2025 жылы жалған немесе бөгде құжаттарды пайдалануға қатысты 661 құқық бұзушылық анықталғанын хабарлады.
ҰҚК Шекара қызметі мемлекеттік шекараны жалған құжаттар арқылы кесіп өту әрекеті үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.