Құрылтай депутаттығына үміткерлердің орташа жасы – 45

Ulysmedia
Ulysmedia

16-21 шілде аралығында жеті саяси партияның партиялық тізімдерін тіркеу мәселелері қаралды. Орталық сайлау комиссиясы хатшысы Шавхат Өтемісовтің айтуынша, 23 шілдедегі жағдай бойынша партиялық тізімдерге 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат енгізілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың өкілдігіне қатысты талаптарды барлық саяси партия орындады. Барлық партиялық тізім бойынша аталған санаттардың жиынтық үлесі – 43,9%. Оның ішінде 172-сі – әйел, 373-і – ер адам. Мүгедектігі бар кандидаттар саны – 19. Ал 35 жасқа дейінгі депутаттыққа үміткерлер – 74 адам. Кандидаттардың орташа жасы – 45,4 жас, – деді Өтемісов.

САЙЛАУ БЮЛЛЕТІНДЕГІ РЕТ 

ОСК өткізген жеребе қорытындысына сәйкес, сайлау бюллетенінде саяси партиялар мынадай ретпен орналастырылады:

  • «Әділет» партиясы;

  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;

  • Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;

  • Қазақстан халық партиясы;

  • «Ауыл» партиясы;

  • «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы;

  • Respublica партиясы.

Сайлау науқанындағы жаңашылдықтардың бірі – дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіруге және оны таратуға тыйым салынуы. Сонымен қатар қазіргі сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға да тыйым енгізілді.

– Бұл норма саяси партияларды көпшілік алдында қолдауды көрсетуге жол бермейді және еркін әрі құпия дауыс беруді, сайлау процесіне қатысушылар үшін тең жағдай жасауды, сондай-ақ сайлаушылардың өз еркін дербес білдіруін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ келісімшарт негізінде үгіт материалдарын орналастыру талабы өздерінің интернет-ресурстары мен онлайн-платформалардағы аккаунттарын пайдаланатын саяси партиялар мен кандидаттарға қолданылмайды, – деп түсіндірді комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік.

ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, қазіргі таңда 12 мемлекет пен 5 халықаралық ұйымнан 86 байқаушы аккредиттелген.

Әкімдіктердің мәліметінше, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге 8 мыңнан астам орын және сайлаушылармен кездесуге шамамен 4,5 мың орын дайындалған.

23 шілде күні сағат 18:00-ден бастап Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталды.

ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫ

Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді. Құрылтай Қазақстанның алғашқы бір палаталы Парламенті болады.