Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қатарынан екінші рет төмендетті

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Қазақстан Ұлттық банкі 24 шілдедегі отырысында базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

НЕЛІКТЕН МӨЛШЕРЛЕМЕ ҚАЙТА ТӨМЕНДЕТІЛДІ?

Ұлттық банк 5 маусымдағы алдыңғы отырыста  2024 жылдан бері алғаш рет базалық мөлшерлемені төмендетіп, оны бірден 1 пайыздық тармаққа — 18%-дан 17%-ға дейін түсірген еді.

Реттеуші орган үшін мұндай шешімге жылдық инфляцияның 10,4%-ға дейін баяулауы мүмкіндік берді. Ұлттық банк ақша-кредит саясатын бірқалыпты қатаң деңгейде ұстап, оны одан әрі жұмсартуға асықпайтынын мәлімдеген еді.

Шілдеде Ұлттық банк ақша-кредит саясатын жұмсартуды жалғастырып, базалық мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендетті.

ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ ТҮСІНДІРМЕСІ

Ұлттық банк шешімге қатысты түсініктемесінде жылдық инфляция тоғыз ай қатарынан төмендеп келе жатқанын атап өтті. Бұған теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы, Үкімет пен реттеушінің инфляцияға қарсы шаралары әсер етіп отыр.

Кәсіби сарапшылардың 2026 жылға арналған инфляциялық болжамы өзгеріссіз қалып, 10% деңгейінде сақталды. Ал 2027 жылға арналған болжам жақсарып, 7,8%-ға дейін төмендеді. Ал халық нақты инфляция 13,4% болады деп күтіп отыр.

Ұлттық банк елдегі экономикалық белсенділіктің артқанын, алайда сыртқы нарықтардағы құбылмалылық, оның ішінде Ресейдегі инфляция өсімі сақталып отырғанын мәлімдеді.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,1% өсті. Инвестициялар өсімі 9,6%-ға дейін жеделдеді. Бюджет қаражатын есептемегенде шикізаттық емес секторға салынған инвестициялар 28,9% артқан.

— Тәуекелдер балансы әлі де инфляцияның өсу жағына қарай ығысқан. Сонымен қатар ақша-кредит жағдайларының қазіргі қатаңдығы, бұған дейін қабылданған шешімдердің кейінге қалдырылған әсері және айырбас бағамының динамикасы тежеуші ықпал етіп отыр. Инфляцияның төмендеуіне ең төменгі резервтік талаптардың артуы, айналым операциялары және тұтынушылық несие беруді реттеуге байланысты қабылданған шаралар да әсер етеді, — деп атап өтті Ұлттық банк.

Негізгі тәуекелдер инфляциялық күтулердің жоғары болуымен, жанармай бағасы мен коммуналдық тарифтердің өсуімен, инфляцияның сырттан келу ықтималдығымен және тұтынушылық белсенділіктің күшеюімен байланысты.

АЛДАҒЫ УАҚЫТТА ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің бағыты қатаң белгіленбегенін және экономикалық жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін екенін ескертті, яғни мөлшерлеменің екі рет қатарынан төмендеуі үшінші шешім де дәл осындай болады дегенді білдірмейді.

— Қабылданған шешім жылдық инфляцияның төмендеуін ескеріп, ақша-кредит жағдайларының қатаңдық деңгейін пропорционалды түрде түзетуге мүмкіндік береді, — делінген реттеушінің түсініктемесінде.

Алдағы шешімдер инфляцияның нақты көрсеткіштері, сыртқы нарықтағы ахуал және тарифтердің индекстелу параметрлері негізінде қабылданады.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің келесі отырысы 4 қыркүйекте өтеді.