10 қыркүйектен бастап Қазақстан кинотеатрларында «Қара алтын» көркем фильмі көрсетіле бастайды. «Оян, қазақ» фильмінің шығармашылық тобы ұсынған жаңа туынды 90-жылдардағы кәсіпкерлік пен мұнай саласының қалыптасуын, сондай-ақ адамның қиындыққа мойымай, өз мақсатына жету жолындағы күресін баяндайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Фильм шынайы оқиғаға негізделген. Оның басты кейіпкері – құрылыс кооперативін басқарып жүрген кәсіпкер Қасым Исағалиев. Ол өзіне бейтаныс мұнай саласына бет бұрып, геологиялық база кезінде «болашағы жоқ, тиімсіз» деп бағалаған кен орнын игеруге кіріседі.
Сюжет барысында кейіпкердің инвестор іздеуі, мұнай өндіруге лицензия алу жолындағы бюрократиялық кедергілерден өтуі және алғашқы бұрғылау жұмыстары көрсетіледі. Ол сондай-ақ ағылшын инвесторымен ірі инвестиция тарту жөнінде келісімге келуге тырысады.
90-жылдардағы Қазақстан басқа қырынан көрсетіледі
Жоба авторлары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын тек қылмыс пен криминал арқылы көрсетуден әдейі бас тартқан. Фильмде сол кезеңдегі экономикалық қиындықтармен қатар, адамның ішкі күресі мен өз мүмкіндігіне сенуі негізгі орынға шығарылған.
Оқиға желісі кейіпкердің 1950-жылдардағы балалық шағынан бастап 2000-жылдарға дейінгі кезеңді қамтиды. Туынды қазақ даласындағы бұрғылау алаңынан басталып, Лондонға дейін жалғасады.
Фильмнің сценарийін Мұрат Есжан жазған, продюсері – Айсәуле Әбіл. Авторлар «Қара алтынды» мұнай мен ақша туралы ғана фильм емес, адам рухының жеңісі туралы драма ретінде сипаттайды. Туындының негізгі лейтмотиві ретінде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген сөзі алынған.
Фильм қайда түсірілді?
Фильмнің дайындық және түсірілім жұмыстары екі жылға созылған. Түсірілім Өскемен, Зайсан, Алматы және Астана қалаларында жүргізілді.
Бас кейіпкер Қасым Исағалиевтің рөлін актер Қуандық Қыстықбай сомдаған. Фильмде Марат Амираев, Әділ Ахмет, Шыңғыс Капин, Бақытжан Әлпейісов, Мұрат Ахманов және Гүлбахрам Ахат та ойнайды.
Бас рөлдердің бірін Астанадағы жиһаз цехында жұмыс істейтін, қазақ және ағылшын тілдерін меңгерген жас актер орындаған.
Авторлар жастарға не айтқысы келді?
Продюсер Айсәуле Әбілдің айтуынша, фильмнің негізгі аудиториясы – кәсіпкерлер ғана емес, мектеп оқушылары, студенттер, жас мамандар және өз кәсібін бастағысы келетін азаматтар.
Авторлар әсіресе ауылдан қалаға келген жастардың өздерін шектемеуін, тіл білмеу немесе басқа да ішкі кедергілерге байланысты үлкен мақсаттардан бас тартпауын көздеген.
Фильм 10 қыркүйектен бастап Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіледі.