Алматыда жантүршігерлік жол апаты болды. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Жол апаты түнгі сағат 03:10 шамасында Рысқұлов даңғылы мен Шәріпов көшесінің қиылысында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes-Benz G-Class («Гелендваген») автокөлігі жоғары жылдамдықпен келе жатып, Suzuki SX4 көлігімен соқтығысқан. Қатты соққыдан жеңіл көлік бордюрден асып, бірнеше ондаған метрге ұшып кеткен. Ал жол талғамайтын көлік соқтығысқаннан кейін шамамен 70 метр жүріп барып тоқтаған.
Suzuki көлігінің салонында төрт қыз отырған. Жүргізуші мен алдыңғы орындықтағы жолаушы алған ауыр жарақаттарынан жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.
Жолаушылардың бірін дәрігерлер көліктен жедел шығарса, екіншісін темір-терсек болып мыжылған көліктен гидравликалық құралдардың көмегімен алып шыққан. Оның екі аяғының да қатты зақымданғаны анықталған.
АПАТҚА КІМ КІНӘЛІ?
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, Suzuki жүргізушісі кері бұрылу кезінде Mercedes көлігімен соқтығысқан.
– Алдын ала мәлімет бойынша, Рысқұлов даңғылымен батыс бағытта келе жатқан Suzuki көлігінің жүргізушісі Шәріпов көшесімен қиылысқан жерде кері бұрылу кезінде шығыс бағытта қозғалып келе жатқан Mercedes автокөлігімен соқтығысқан, – деп хабарлады Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Адам өліміне әкелген жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сот сараптамалары тағайындалып, құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.