Португалиялық Mota-Engil компаниясы Eurasian Resources Group (ERG)-тің Бразилиядағы активтерін сатып алуға дайындалып жатыр. Темір кені кен орнымен бірге жаңа иесіне шамамен 5 млрд доллар инвестицияны қажет ететін ірі инфрақұрылымдық жобалар да өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘМІЛЕ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН
Bnamericas басылымының мәліметінше, Mota-Engil ERG-тің Бразилияның солтүстік-шығысындағы активтеріне иелік ететін Bahia Mineração (Bamin) компаниясын сатып алуды жоспарлап отыр.
Тараптар бұл мәмілені осы жылдың алғашқы жартысында-ақ аяқтауды көздеген. Алайда келіссөздер ERG акционерлері құрамындағы өзгерістерге байланысты кейінге шегерілген. Қазір келіссөздер соңғы кезеңіне өтті.
– Тағы шамамен екі айдан кейін келіссөздер аяқталып, келісімге қол қойылады. Қазір тараптар келісімшарттарды тексеріп жатыр. Процесс ERG-дегі корпоративтік өзгерістерге байланысты біраз уақытқа созылып кетті. Бұл, әрине, келіссөздердің барысына әсер етті, – деді келіссөздерге қатысушылардың бірі басылымға.
Қазіргі таңда алдын ала келісімге қол қойылған. Енді Mota-Engil сатып алу алдында активтерге кешенді тексеру жүргізіп жатыр.
КОНТЕКСТ
Биыл мамыр айында ERG акционерлері құрамында елеулі өзгерістер болды. Патох Шодиев пен марқұм Александр Машкевичтің отбасы өздеріне тиесілі 18,6% және 20,7% үлестерін кәсіпкер Шахмұрат Мұтәліп бақылайтын Nature Energy Solutions Ltd. компаниясына сатты.
Нәтижесінде Қазақстан мемлекетінің үлесі 40% болып қалса, Nature Energy Solutions Ltd. арқылы Шахмұрат Мүтәліптің бақылауындағы үлес 39,3%-ға жетті. Қалған үлес Әлижан Ибрагимовтың мұрагерлеріне тиесілі.