Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевқа қатысты тергеу жүріп жатқаны туралы ақпарат тарағаннан кейін өңір әкімдігі ресми түсінік берді. Билік өкілдері бұл іске қатысы бар Қытай азаматтарының инвестор емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қытайдан келген қонақтар кім болған?
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматы тұрғыны өңірге Қытайдан инвесторлар әкелгені туралы ақпарат тараған еді. Жазбаларда депутат қонақтарды қарсы алып, Қытайдың 34 жастағы азаматын Lexus көлігіне отырғызып, адам қарасы аз жерге апарғаны және оны зорлады деген болжам айтылған.
Шетел азаматтарының Түркістан облысына инвестор ретінде келгені туралы ақпарат та осы контексте тараған.
Алайда облыс әкімдігі бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
– Жазбаларда сөз болған шетел азаматтары өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар ретінде тіркелмеген. Қолда бар мәліметке сәйкес, олар Түркістан облысына жеке шаруаларымен келген және жергілікті атқарушы органдардың сүйемелдеуіндегі инвесторлар тізіміне кірмейді, – делінген әкімдік хабарламасында.
Оқиғаның мән-жайы
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысының полиция департаменті депутат Ерғали Аманбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын растаған еді.
– Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті – Шымкент тұрғыны анықталып, қамауға алынды, – деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдары тергеу құпиясына байланысты істің өзге де мәліметтерін жариялаған жоқ.