«Челсидің» бас бапкері Дастан Сәтбаев туралы көпті елең еткізген мәлімдеме жасады

Ulysmedia
Дастан Сәтбаевтың Instagram-дағы парақшасынан

«Челсидің» бас бапкері Хаби Алонсо қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтбаевтың ағылшын клубы сапындағы алғашқы голына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Челси» жолдастық кездесуде Аустралияның «Вестерн Сидней Уондерерс» клубын 6:4 есебімен жеңді. Матчтағы алғашқы голды 7-минутта қазақстандық Дастан Сәтбаев соқты.

Хаби Алонсо маусым алдындағы дайындық аяқталғаннан кейін команда құрамына қатысты әлі де көп шешім қабылданатынын айтты. Сонымен қатар ол Сәтбаевтың ойынына жоғары баға беріп, қазақстандық шабуылшының қарсылас қақпасына үнемі қауіп төндіріп, алаңда жақсы қырынан көрініп жүргенін атап өтті.

– Дастанды былтырдан бері, Алматыдан жақсы білемін. Оның мүлде басқа деңгейге көтерілгені байқалады. Ол қарсылас қақпасы маңында өте қауіпті, шабуыл кезінде бос аймақтарды жақсы пайдаланады, алдыңғы шепке дер кезінде қосылады. Бұл – оның клубтағы алғашқы тәжірибесі, бірақ өзін жақсы көрсетті, – деді Алонсо.

Сәтбаевтың физикалық дайындығы туралы сұраққа жауап берген бас бапкер оның өте мықты әрі жылдам футболшы екенін айтты.

– Оның ойыны сіздерді шынымен таңғалдырады, – деп түйіндеді Алонсо.

ДАСТАН СӘТБАЕВ

Еске салайық, Дастан Сәтбаев алматылық «Қайраттан» лондондық «Челсиге» ауысып, қазақстандық футбол тарихындағы ең қымбат трансфер авторы атанды. Келісім құны бонустарды қоса есептегенде 4,3 миллион еуро болды.

Қазір 17 жастағы шабуылшы «Челсидің» Аустралия мен Азиядағы маусым алдындағы турнесіне қатысып жүр. Ағылшын клубымен жасалған келісімшарт ресми түрде 2026 жылдың 12 тамызында, футболшы 18 жасқа толған күні күшіне енеді.