Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы аумағында ұшқышсыз ұшақтар екі танкерге шабуыл жасады. Олардың бірі сол сәтте «Теңізшевройл» мұнайын қабылдап жатқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
ҚКК мәліметінше, шабуыл 30 шілде күні Мәскеу уақытымен сағат 01:48-де болған. Маршалл аралдарының туы астында жүзген NIFFOS SIFNOS танкері ВПУ-3 сыртқы айлақ құрылғысында тұрып, мұнай қабылдап жатқан. Жүк жөнелтуші ретінде «Теңізшевройл» компаниясы көрсетілген.
Дрон жүк палубасындағы мұнай қабылдауға арналған манифольдтар аймағына соққы жасаған. Соның салдарынан өрт шыққан. Өртті экипаж КҚК-ның үш көмекші кемесінің қатысуымен сөндірген.
– ҚКК қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың жұмысшылары арасында зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Мұнай төгілмеді. Танкер экипажына медициналық көмек көрсету немесе эвакуациялау туралы өтініш түскен жоқ. Кеме жүзу қабілетін сақтап қалды, қазіргі уақытта зақым көлемі бағаланып жатыр. Мұнай тиеу жұмыстары тоқтатылды, мұнай құбыры нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, – деп хабарлады консорциум.
Сол түні тағы бір танкер – MARATHI кемесі де шабуылға ұшыраған. Ол Мэн аралының туы астында жүзіп, КҚК теңіз терминалына мұнай қабылдау үшін бағыт алған. Кеме терминалдан шамамен алты теңіз милі қашықтықтағы аумақтық суларда болған.
КҚК бұл жағдайды террористік шабуыл деп атап, Қазақстан мен шетелдік акционерлердің (АҚШ Мемлекеттік департаменті арқылы) халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына соққы жасамау туралы үндеулерін еске салды.
КОНТЕКСТ
Бұл – кейінгі апталарда КҚК-мен байланысты танкерлерге жасалған алғашқы шабуыл емес. Шілде айында консорциум терминалы арқылы мұнай тасымалдауға қатысқан бірнеше кеме соққыға ұшыраған.
КҚК Қазақстан мұнайын экспорттаудағы негізгі бағыт болып есептеледі. Бұл жүйе арқылы елдегі ең ірі кен орындарынан, соның ішінде Теңіз кенішінен өндірілген мұнай тасымалданады.
Жобаға жүк жөнелтушілер мен акционерлер қатарында Chevron, ExxonMobil, Eni, TotalEnergies және басқа да халықаралық мұнай компаниялары бар.
Жаңа шабуылдар Қазақстан үшін аса маңызды, өйткені Қара теңіздегі мұнай тиеу жұмыстарының кез келген үзілісі елдегі мұнай экспорты мен өндірісіне әсер етуі мүмкін.
Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесіп, консорциум төңірегіндегі жағдайды талқылаған еді.