Қазақстандық танымал блогер Айтым Жақыпов жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған видеосынан кейін қоғам назарын аударды. Әлеуметтік желідегі видеодан кейін полиция оны әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Видео Threads желісінде жарияланды
Жазба авторының айтуынша, оқиға Астанадағы LRT желісінің бойымен өтетін Қарқаралы тасжолында болған. Кадрлардан жүргізушінің жол жиегімен жүргені, жол белгілерінің талаптарын елемегені, бұрылыс шамдарын қоспай жолақ ауыстырғаны, қарсы бағытқа шыққанын көруге болады.
Желі қолданушылары мемлекеттік нөмір арқылы жүргізушінің кім екенін тез анықтады. Көп ұзамай Айтым Жақыповтың өзі де көлік тізгінін ұстағанын растады.
– Рас, қатты асығып бара жатқан едім. Әлдекімге қолайсыздық тудырсам, шын жүректен кешірім сұраймын, – деп жазды блогер.
Полиция жазбадан кейін әрекет етті
Астана полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.
– Жүргізушінің жеке басы анықталды. 34 жастағы азамат жол белгілерінің талаптарын сақтамағаны, қарсы бағытта жүру қағидаларын және маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады полиция.
Видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Қолданушылардың көпшілігі мұндай әрекеттер үшін салынатын айыппұл тым жеңіл жаза екенін айтып, блогерді жүргізуші куәлігінен айыруды талап етті. Ал кейбірі оның спорттық қызметімен байланыстырып, әзіл ретінде «200 бөрпи жасатсын» деген ұсыныс білдірді.
Контекст
Бұған дейін жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов да жауапкершілікке тартылған еді.
Сот спортшының мас күйінде көлік тізгіндеп, Астанада бірден үш жол-көлік оқиғасын жасағанын анықтады. Нәтижесінде Данияр Елеусінов 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен жеті жылға айырылды.