Үкіммен келіспейді: Қамшыбек Ташиев Бішкек сотына апелляциялық шағым түсірді

Ulysmedia
bulak.kg

«Билікті күшпен басып алуға дайындалу» бабы бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 3 жылға пробациялық бақылау жасасына кесілген Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев үкіммен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Kaktus.media сайтының жазуынша, Қамшыбек Ташиевтің адвокаты Икрамидин Айтқұлов Бішкек қалалық сотына апелляциялық шағым түсірген. Бұл жөнінде басылымға адвокаттың өзі айтқан.

– Кеше, 29 шілдеде, мен Бішкек қалалық сотына апелляциялық шағым тапсырдым. Біз ақтау үкімі шығарылады деп үміттенеміз, – деген Айтқұлов.

Контекст

2 шілдеде Ташиев «билікті күшпен басып алуға дайындалды» деген айыппен сотталған. Сот оның мүлкін тәркілеп, үш жылға пробациялық бақылау орнатқан.

Бұл қылмыстық іске «75 ақсақалдың хаты» себеп болған. Ақпанның басында саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, барлығы 75 адам президент Садыр Жапаровқа қайырылып, кезектен тыс президент сайлауын өткізуді сұраған. Хаттан кейін ертеңінде Ташиев қызметтен алынған. Сол кезде Ташиев Германияда емделіп жатқан еді.

Қырғызстанның қазіргі Конституциясына сай, сотталған адамдар президенттікке кандидат бола алмайды.

Жапаровтың жақын серігі әрі досы болған Ташиев бес жыл бойы елдегі екінші ықпалды адам саналған. Ол ҰҚМК төрағасынан бөлек, министрлер кабинеті төрағасының орынбасары болған.