Абай облысы Аягөз ауданының әкімі қызметіне қазақ күресінен «Қазақстан барысы» атанған Айбек Нұғымаров тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Айбек Нұғымаров облыс әкімінің өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Аягөз аудандық мәслихат депутаттарының келісімі негізінде Аягөз ауданының әкімі лауазымына кірісті.
Абай облысының әкімі Берік Уәли жаңа әкімнің тәжірибесі жеткілікті екенін атап өтіп, Аягөз ауданының ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, әлеуметтік сала және логистика бағыттарында әлеуеті жоғары екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа басшы ауданның дамуына бар күш-жігерін салуы қажет.
АЙБЕК НҰҒЫМАРОВ КІМ?
Айбек Нұғымаров – қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбошы, түйе палуан. Ол 1987 жылы Абай облысы Абай ауданы Құндызды ауылында дүниеге келген.
Балуан қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы (2008, 2010), Азия чемпионы, әлем кубогының иегері. Сонымен қатар самбодан Қазақстан чемпионы атанған.
2013 жылы Айбек Нұғымаров «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде жеңіске жетіп, бас жүлде иеленді. Сол жылы ол «Алтын белбеу» мен «Тайтұяқ» сыйлығына ие болды. Сондай-ақ «Әлем барысы» турнирінде күміс жүлдегер атанған.
Жаңа әкім еңбек жолын Семей қаласындағы қазақ күресі бөлімінде жаттықтырушы-оқытушы болып бастаған. Кейін спорт саласында түрлі қызмет атқарып, Семей көлік колледжінің директоры болды. Әкім болып тағайындалғанға дейін Аягөз ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.