Ақтөбеде қызды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды

Ulysmedia
Видео кадры

Ақтөбеде 12 жастағы қызды көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен 58 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Мән-жай

Жол апаты 30 шілдеде кешке Әбілқайыр хан даңғылындағы «Сазды» аялдамасының маңында болған. Зардап шеккен қыздың анасының айтуынша, ер адам жоғары жылдамдықпен келе жатып, велосипед мінген баланы қағып кеткен. Алайда жүргізуші қызға көмек көрсетпестен, оқиға орнынан із суытқан.

Соққы салдарынан баланың үстіңгі жақ сүйегі мен бет сүйегі сынып, алдыңғы тістерінен айырылған. Қыз жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Алда оны ұзақ ем күтіп тұр.

Оқиғадан кейін қыздың анасы қала тұрғындарынан кінәліні табуға көмектесуді сұрап, бейнебақылау камералары мен көлік тіркеуіштеріндегі жазбаларды бөлісуге үндеу жасаған.

Кейін полиция қызметкерлері жүргізушінің жеке басын анықтады. Ол Ақтөбе қаласының 58 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.

Бұл дерек бойынша соталды тергеу басталды.