ФИФА әлем чемпионаттарына тиесілі құқықтардың бір бөлігін жеке инвесторларға сату жоспарынан бас тартты. Мұндай шешім УЕФА-ның қатаң сыны мен ұйым турнирлеріне бойкот жариялау туралы ескертуінен кейін қабылданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Бұл шешім туралы ФИФА президенті Джанни Инфантино мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйым айтылған пікірлердің бәрін мұқият саралап, ұсынылған жобаның үлкен алауыздық туғызғанын әрі бастапқы мақсатына сай келмейтінін түсінген.
Инфантино ФИФА-ның басты міндеті - әлем футболын біріктіру және дамыту екенін атап өтті. Осыған байланысты аталған ұсыныс бойынша жұмыс толық тоқтатылды.
Сондай-ақ, ол алдағы уақытта барлық мүдделі тараппен кездесіп, футболдың әрі қарай дамуын талқылауға ниетті екенін айтты.
ФИФА не ұсынды?
Бұған дейін Джанни Инфантино әлем чемпионаттары мен ФИФА өткізетін өзге де турнирлердің коммерциялық құқықтарының бір бөлігін жеке инвесторларға сатуды ұсынған еді.
БАҚ мәліметінше, ықтимал инвесторлар қатарында АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің туыстары да аталған.
ФИФА басшысы мұндай келісім ұлттық футбол қауымдастықтарының табысын шамамен төрт есеге арттыруға мүмкіндік беретінін айтқан. Ұйым ұсынысты қарауға 19 қыркүйекке дейін уақыт берген еді.
УЕФА бойкот жариялайтынын ескертті
Алайда бұл бастама Еуропада үлкен қарсылыққа тап болды. 30 шілдеде УЕФА құрамындағы 55 ұлттық қауымдастықтың барлығы ФИФА бұл жоспарды жүзеге асырған жағдайда, ұйымның турнирлеріне бойкот жариялауға дайын екенін мәлімдеді.
УЕФА өкілдері болашақ ұрпақтың игілігі үшін сақталуға тиіс дүниені ешкімнің сатуға құқығы жоқ екенін атап өтті.
Кейін сынға Солтүстік және Орталық Америка мен Кариб бассейні елдерінің 41 ұлттық федерациясын біріктіретін КОНКАКАФ ұйымы да қосылды.