КҚК жұмысы толық тоқтай ма? Энергетика министрлігі жауап берді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысы толық тоқтауы мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Ведомство мұндай нұсқа қарастырылып жатпағанын атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаеваның айтуынша, 31 шілдеде КҚК мұнай құбырының жұмысын уақытша тоқтатқан. Алайда жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау үзілмеген, резервуарлар әлі де толтырылып жатыр.

1 тамыздан бері тәулігіне шамамен 100 мың тонна мұнай қабылданып жатыр. Тасымал көлемінің одан әрі артуы танкерлердің теңіз терминалында тиеуге қаншалық жылдам қойылатынына байланысты болады.

Министрлік КҚК және жүк жөнелтушілермен тұрақты байланыста екенін әрі жағдайдың барысын бақылап отырғанын айтты.

Танкерлерге жасалған соққылар

Қазақстан мұнайының 80 пайызы экспортталатын Каспий құбыр консорциумы кейінгі уақытта танкерлерге жасалған дрон шабуылдарына байланысты теңіз терминалында мұнай жөнелтуді жиі тоқтатуға мәжбүр болып жүр.

Экспорттың тоқтауы Қазақстанға елеулі шығын әкеледі.

30 шілдеде қазақстандық мұнайды тиеуге тиіс кезекті танкерлерге дрондар шабуыл жасады. Қазақстанның Энергетика министрлігі КҚК терминалынан мұнай жөнелту соққыларға дейін-ақ тоқтатылғанын мәлімдеді. Алайда бұл үзілістің қанша уақытқа созылатыны нақтыланбады.

Осыдан кейін Ресей Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның экономикалық мүддесіне Украина саясатының «барған сайын көбірек зиян келтіріп жатқанын» мәлімдеді.

Ал Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко бұған дейін танкерлерге жасалған шабуылдарға Киевтің қатысы барын дәлелдейтін айғақ жоқ екенін айтқан.