АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранға қысымды күшейту үшін Вашингтон Иранның инфрақұрылымына жойқын соққы жасауға дайын екенін тағы да мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
«Біз оларға бар күшімізбен соққы жасаймыз. Ақыр соңында Тегеран басшылығы: “Бұған енді төзе алмаймыз”, – дейтін болады», – деді АҚШ президенті.
The Wall Street Journal мәліметінше, Трамп Иранды жағдайды одан әрі ушықтырудан бас тартуға мәжбүрлейтін жаңа соққыларды әзірлеуді тапсырған. Басылым дереккөздері операция алдағы демалыс күндері-ақ басталуы мүмкін екенін айтады.
Алайда түпкілікті шешім әлі қабылданбаған. Келіссөздерде даму байқалса, АҚШ президенті шабуылдан бас тартып, дипломатиялық жолға қайта оралуы мүмкін.
Израильмен бірлескен соққылар жасалуы мүмкін
CBS News телеарнасының хабарлауынша, АҚШ пен Израиль Иранның энергетикалық инфрақұрылым нысандарына қарсы бірлескен операция өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Дереккөздер мәліметінше, мұнай өңдеу зауыттары мен электр станциялары нысанаға алынуы ықтимал. Операция бірнеше күнге созылуы мүмкін.
Алайда телеарна Трамптың бұған әзірге түпкілікті келісім бермегенін атап өтті.
Оқиғаның мән-жайы
Шілдеде АҚШ Иран аумағындағы әскери нысандарға соққы жасаған еді. Вашингтон бұл әрекеттің мақсаты Ормуз бұғазындағы сауда кемелеріне қауіп төндіру мүмкіндігін әлсірету болғанын мәлімдеді. АҚШ дерегінше, бұл аймақта Ислам революциясы сақшылар корпусы әрекет еткен.
Бұған жауап ретінде Иран көрші елдердің аумағына соққы жасап, америкалық әскери базаларды нысанаға алғанын мәлімдеді.
АҚШ жаңа соққыларды неге кейінге қалдырды?
24 шілдеден кейін тараптар бірнеше күн бойы өзара шабуылдарды тоқтатты. The New York Times мәліметінше, сол кезде Дональд Трамп кеңесшілерімен өткен жиыннан соң жаңа ауқымды операцияны уақытша кейінге шегеруге шешім қабылдаған.
Басылымның жазуынша, мұның бір себебі – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы Patriot кешендері мен өзге де әуе қорғанысы жүйелеріне арналған зымыран тосқауылдарының тапшылығына тап болуы мүмкін деген қауіп.
Бұған қоса, Вашингтон қақтығыстың одан әрі ушығуы жаһандық энергетикалық және экономикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін деп алаңдаған.
Алайда 30 шілдеде америкалық әскерилер Ирандағы нысандарға қайтадан соққы жасады. АҚШ бұл операцияны аймақтағы америкалық әскери қызметшілерге зымыранмен шабуыл жасау әрекетіне жауап деп түсіндірді.