АҚШ 50 елдің азаматтарына виза беру кезінде 20 мың долларға дейін кепілдік төлем енгізеді

Ulysmedia
pixabay

3 тамыздан бастап АҚШ туристік және іскерлік виза рәсімдейтін кейбір шетелдіктерге визалық кепілдік жүйесін тұрақты түрде қолдана бастайды. Кепілдік сомасы 20 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Қазақстан бұл талап енгізілетін елдер тізіміне енген жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жаңа талап кімдерге қатысты?

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, жаңа талап B-1 санатындағы іскерлік және B-2 санатындағы туристік визаға өтініш берушілерге қолданылуы мүмкін.

Консулдық қызметкерлер өтініш иесінен АҚШ-та рұқсат етілген мерзім аяқталғанға дейін елден шығатынына кепіл ретінде ақша төлеуді талап ете алады. Кепілдік мөлшері 20 мың долларға дейін жетеді.

Қазақстан тізімге енген жоқ

Жаңа ереже 50 мемлекеттің азаматтарына қатысты. Орталық Азия елдерінің ішінде тізімге Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан кірген.

Қазақстан азаматтарына бұл өзгеріс қолданылмайды.

Бағдарлама ауқымы кеңейді

Визалық кепілдік бағдарламасы алғаш рет 2025 жылғы тамызда бір жылға сынақ ретінде іске қосылған. Ол кезде консулдықтар 5, 10 немесе 15 мың доллар көлемінде кепілдік төлем талап ете алатын.

Азамат АҚШ аумағынан белгіленген мерзімде шыққан жағдайда, төленген ақша қайтарылатын.

Алғашында бағдарлама тек Малави мен Замбия азаматтарына қатысты болды. Алайда 2026 жылдың басынан бастап елдер тізімі біртіндеп кеңейтілді.

АҚШ бақылауды күшейтіп жатыр

Жаңа шаралар көші-қон саясаты қатаңдатылып жатқан тұста енгізіліп отыр.

Бұған дейін The New York Times АҚШ көші-қон қызметінің мамандары әуежайларда америкалық визасының мерзімі өтіп кеткен шетелдіктерді, соның ішінде АҚШ азаматтарының жұбайларын да ұстай бастағанын хабарлаған.

Басылымның мәліметінше, тексерулер тіркеу орындарында және жолаушылар келетін аймақтарда жүргізіліп жатыр. Кейінгі апталарда мұндай рейдтер кемінде 15 әуежайда өткен.

АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі елде көші-қон заңнамасын бұзып жүрген шетелдіктердің қалып қою мүмкіндігін барынша шектейтінін мәлімдеді. Оларға тек өз еркімен еліне қайту үшін кедергісіз шығуға мүмкіндік беріледі.