Төрт баласын жалғыз тәрбиелеген: Оралдағы жантүршігерлік жол апатынан ер адам қаза тапты

Ulysmedia
«Мой город»

Оралда болған жантүршігерлік жол апатынан 47 жастағы Роман Бондарь қаза тапты. Ол жұбайы қайтыс болғаннан кейін төрт қызын жалғыз тәрбиелеп отырған. Енді балалар тұл жетім қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

«Мой город» мәліметінше, қайғылы оқиға 27 шілдеде Деркөл кентінің маңындағы айналма жолда болған,

Полиция мәліметінше, Lada Granta жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Volkswagen Golf көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Соққыдан кейін Volkswagen көлігіне артынан келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы соғылған.

Volkswagen жүргізушісі Роман Бондарь алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Жұбайы қайтыс болғаннан кейін төрт баласын жалғыз өсірген

Туыстарының айтуынша, бұл отбасы бір жылға жетпейтін уақыт бұрын тағы бір ауыр қазаға ұшыраған. Былтыр қарашада Романның жұбайы тамақ ішіп отырғанда қақалып, қайтыс болған.

Содан кейін ер адам төрт қызын жалғыз тәрбиелеген. Отбасын асырау үшін бірнеше жұмысты қатар атқарған. Қыздарының ең кішісі небәрі тоғыз жаста.

Туысы Светлана Витенбектің сөзінше, қайғылы оқиға болған күні Роман түскі үзілістен кейін жұмысына қайтып бара жатқан.

Оның айтуынша, дәрігерлер жарты сағатқа жуық уақыт бойы Романның өмірі үшін күрескен. Алайда алған жарақаттары тым ауыр болған.

Туыстары кінәлі адамның әділ жазалануын талап етеді

Марқұмның жақындарының айтуынша, жол апатына себепкер болуы мүмкін жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған. Ал сараптама Романның ішімдік ішпегенін растаған.

Туыстары екінші жүргізушінің отбасы осы уақытқа дейін олармен байланысқа шықпағанын және көңіл айтпағанын да мәлімдеді.

Олар жол апатына кінәлі адамның әділ жазалануын талап етпек.

Марқұмның 22 жастағы қызы Злата кіші сіңлілерін қамқорлығына алуға шешім қабылдаған. Қыз қамқорлық рәсімдеуге қажет құжаттарды жинай бастапты.

Туыстарының айтуынша, тоғыз жастағы кенже қызы әкесінен де айырылғанын әлі білмейді.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті жол апатына қатысты соталды тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Lada көлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қажет сараптамалар тағайындалған. Оның қорытындысынан кейін іс бойынша процестік шешім қабылданады.