Қазақстандық екі балуан әлем чемпионы атанды

Ulysmedia

Қазақстан құрамасы 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрестен әлем чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алды. Бұл жарыс Бакуде өтіп жатыр. Бақдәулет Ағабек пен Дияр Аманәлі әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бақдәулет Ағабек еркін күрестен 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды. Финалда қазақстандық балуан Үндістан өкілі Аарьян Аарьянмен кездесіп, техникалық басымдықпен 10:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

Алтын медальға дейінгі жолда Ағабек бес белдесуде жеңіске жетті. Ол Тәжікстаннан келген Муслихиддин Ходжиевті 10:0, болгариялық Эмир Джеватовты 10:0 есебімен ұтты. Моңғол балуаны Тэмүүлэн Усухбаярды небәрі 36 секундта 10:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы, өзбекстандық Фарух Махмудовтан 7:3 есебімен басым түсті.

Қазақстандық спортшы турнир барысында 47 ұпай жинап, қарсыластарына небәрі үш ұпай ғана берді.

Екінші алтынды Дияр Аманәлі әкелді

Грек-рим күресінен 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Дияр Аманәлі де әлем чемпионы атанды.

Турнир барысында ол грекиялық Николаос Зинисисті 8:0, ресейлік Эдем Пайзиевті 3:1, грузиялық Георгий Кеделидзені 2:1 және болгариялық Данимир Йордановты 8:1 есебімен жеңді.

Финалда Дияр мажарстандық Кеве Ковачпен белдесті. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталғанымен, нәтижелі ұпайды бірінші болып алған қазақстандық балуан жеңімпаз деп танылды.

Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында бірден екі алтын медаль жеңіп алды.