Пашинян Армения үкіметінің отставкаға кететінін мәлімдеді

Ulysmedia

Армения үкіметі ресми түрде отставкаға кетті. Бұл туралы елдің премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай қадам парламенттің жаңа құрамы жұмысын бастағаннан кейін Конституция талаптарына сәйкес жасалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Пашинянның айтуынша, жексенбіде Армения Ұлттық жиналысының тоғызыншы шақырылымы жұмысын бастады. Осыған байланысты ол үкіметтің отставкасы туралы өтінішке қол қойып, оны президентке жолдаған.

Сонымен қатар, үкімет басшысы жаңа министрлер кабинеті жасақталғанға дейін қазіргі құрам өз міндетін атқара беретінін нақтылады.

Жаңа премьер жақын арада тағайындалады

Пашинян Конституцияға сәйкес президент парламенттегі көпшілік ұсынған премьер-министрді кідіріссіз тағайындауға тиіс екенін еске салды.

Кандидатура бүгін ұсынылып, содан кейін ресми тағайындау өтеді деп күтіліп отыр.

Жаңа үкіметті кім жасақтайды?

14 маусымда түпкілікті қорытындысы жарияланған парламент сайлауында Никол Пашинянның «Азаматтық келісім» партиясы 49,7 пайыздан астам дауыс жинады.

Бұл нәтиже саяси күшке жаңа үкіметті өз бетінше жасақтауға мүмкіндік береді.

Екінші орынды кәсіпкер Самвел Карапетянның «Күшті Армения» партиясы иеленіп, шамамен 23,3 пайыз дауыс алды.

Бұрынғы президент Роберт Кочарян бастаған «Армения» блогы 9,9 пайыздан астам дауыс жинады.