Бұған дейін төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Шалқардың бұрынғы әкімі алаяқтың құрбаны болды. Тергеу мәліметінше, әйел оны соттан ақтап шығуға уәде беріп, 4 миллион теңге алған. Алайда уәдесін орындамаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
«Диапазон» басылымының мәліметінше, сот үкімі шыққаннан кейін бұрынғы әкім шешімді өзгертуге көмектесетін адамдарды іздей бастаған. Туысының кеңесімен ол өзін заңгер ретінде таныстырған Қаламқас С. есімді әйелге жүгінген.
Кездесу кезінде әйел ақтау үкімін шығартуға көмектесе алатынын айтып, қызметі үшін 8 млн теңге сұраған. Ер адам оған соманың жартысын - 4 млн теңге берген.
Кейін әйел мәселе шешіліп жатқанын және оң нәтиже шыққаннан кейін қалған соманы төлеу қажет екенін айтқан. Алайда ақтау үкімі шықпады.
Бұл ретте тараптар ешқандай келісімшарт жасамаған, ал ақша қолхатсыз және түбіртексіз берілген. Кейін айыпталушы бұл қаражатты қарызға алғанын мәлімдеген.
Пәтер беремін деп те алдаған
Тергеу барысында бұл жалғыз дерек емес екені анықталды. Тергеу нұсқасы бойынша, әйел сыбайласы Ақбота Т.-мен бірге адамдарға кейін сатып алу құқығы бар мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтер алып беруге көмектесеміз деп ақша ұсынған.
Жәбірленушілердің біріне бірден төрт пәтерге кезекке қоямыз деп уәде берген. Оның біреуі «Эдельвейс» тұрғын үй кешеніндегі екі бөлмелі пәтер, үшеуі елордадағы Highvill тұрғын үй кешеніндегі үш бөлмелі пәтер болған.
Ер адам бұған сеніп, алаяқтарға 47 млн теңге берген.
Осы тәсілмен басқа да адамдар алданған. Уәделер орындалмаған соң жәбірленушілер полицияға жүгінген.
Сот үкім шығарды
Сот екі әйелді де алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
54 жастағы Қаламқас С. алты жылға бас бостандығынан айырылды. Ол үкім жарияланғаннан кейін бірден қамауға алынды.
Оның сыбайласы Ақбота Т. да алты жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, жазаны өтеу мерзімі үш жылға кейінге шегерілді.
Сонымен қатар, сот сотталғандарды жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді.